"Парк Хауз" тұрғын үй кешенінің тұрғындарынан тыныштық кетті. Құны қымбат пәтерлерге жуырда көшіп барған жұрт жарылып кетеміз бе деп үрейленіп отыр. 10 қабатты ғимараттың жертөлесіне жөндеу жұмыстарын жүргізген қожайын қаптатып сауна, монша, бассейн ашып тастаған. Оның үстіне түні бойы демалушылар толастамайтын төменгі қабаттағы қызмет көрсету орындарын жылытатын қазандықтар да халықтың үрейін тудырып отыр. Қарағандыдағы қайғылы оқиға қайталана ма деп қорыққан халықпен тілішіміз Әмірболат Құсайынұлы тілдесіп қайтты.
Жаңа пәтердің әр шаршы метрін мың жарым доллардан алған тұрғындар енді келгендеріне өкініп отыр. Оңаша орналасқан көпқабатты үйдің жарнамасын жақсы жүргізген менеджерлердің сөзіне сеніп қалған жұрт жағдайың басқаша өрбігенін енді біліп, қарсылық акциясына шықты. Төменгі қабатты коммерциялық орынға айналдырған қожайын қызмет көрсету орындарын жылыту үшін газбен жұмыс істейтін үш үлкен қазандық орнатып тастаған.
«Газдың бәрін өздеріне кіргізіп алған. Үйдің бәрі тоқпен жүрсе, олар газды кіргізіп алған. Осы моншаның иесі біреу. Барлық жерді қоршап алған. Темірден кипеткалар жасап қойып, бәрін жауып тастаған. Біз ана, бала-шаға машина жолымен жүреміз. Тратуардың бәрін басып алған»,- деді Алматы қаласының тұрғыны, Мариям ТӘЖІБАЕВА.
«4 фин саунасы, 2 бассейн бар. Тонналаған суы бар бассейндер іргетасқа қосымша салмақ түсіреді. Біз үйді сатып алар кезде бұндай сұмдықтар ашылады деп айтқан емес. Жобалық құжатта да ол көрсетілмеген. Фин саунасы қатты қызады, өрт қауіпсіздігіне өте қауіпті. Ол жердегі жылу қазандықтары да қорқынышты. Қашан жарылып кетеді деп қорқумен келеміз»,- деді Алматы қаласының тұрғыны, Лейла АРИПОВА.
Екі монша, екі сауна, хамам, тағы бірнеше бассейн жертөледегі газ қазандығы арқылы жұмыс істейді. Түнде тыныш ұйықтаудан қалған халық, Қарағандыдағы Шахан қайғысы қайталана ма деп алаңдайды. 85 пәтерлі "Парк Хоуз" кешеніне тұрғындардың алды былтыр көктемде көшіп келе бастаған. Бірақ, компания өкілдері ол кезде сауна, монша емес, балаларды дамытатын орталық ашылады деп сендірген.
«Өрт қауіпсіздігі ескерілмеген,ыстық және суық судың есептеуіш құралы орнатылмаған. Телефон жүйесіне, ғаламторға қосылмаған. Сонымен қатар, балалар алаңы толық қоршалмаған. Қауіпті. Ойын алаңының астында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұның бәрін құрылысты жүргізген компания толық аяқтауы тиіс. Көбі шала қалған»,- деді Ғимараттың басқарушы директоры, Тимур КӨЛБАЕВ.
Тұрғын үй кешеніне кіретін екі жол болса, оныда бизнеске белсене кіріскен қожайын қоршап, жауып тастаған. Үйлеріне арық арқылы секіріп кіріп жүрген ел құзырлығы мекемелерге арыздарын айтқан. Қалалық құрылысты бақылау басқармасы көпқабаты үйдің жертөлесіне қауіпті газ қазандығын орнатқан компанияға 200 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салдық деп жауап жазса, жиырма метр жерде тиіп тұрған Әуезов аудандық әкімдігі мәселені білгенмен, енді ғана іске кірісеміз деп отыр.
«Халықтың айтып жатқан мұң мұқтажы толыққанды зерделенеді. Керекті бүкіл басқармалардың атынан хат жолданып, заңдылығы тексерілген соң халыққа түсіндіреміз»,- деді Алматы қаласы, Әуезов ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі, Жарас ЖАҚАНБАЕВ.
Монша, сауна сынды жын ойнақтардың жабылуын қалаған халық бизнес орталығының қожайынынмен кездесе алған жоқ. Тек іштегі жұмысты жүргізіп отырған басшыларға тұрғындар бұған дейінде жазбаша қарсылықтарын бергенмен, олар елдің пікірін білмеппіз деп жайбарақат жауап берді. Ал 10 қабатты үйдің жертөлесіндегі үш үлкен газ қазандығынан қорыққан халық соттассақта үйді көгертіп, тыныштық бермейтін монша сауналарды жапқызамыз деп тарасты.
Әмірболат Құсайынұлы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы