|
12.07.2017 | 10:15
4680

Алматы облысының тұрғындары жөнделген жолдың сапасына наразы

Алматы облысының тұрғындары жөнделген жолдың сапасына наразы

Алматы облысының тұрғындары "мүйіз сұрап, құлағынан айырылды". 30 жылдан бері жөні дұрыс жол көрмеген ауылдықтар облысқа талай мәрте хат жазған. Ал, мақсаты бөлек елдің арманын орындаған әкімдік тегіс жол емес, өзге көшедегі тесік жолдың қалдығын төгіп кеткен. Қарсы келгендерге "осыған да зар боласыңдар" - деген кішкентай шенеуніктер, журналистер барғанда, қара жолдың қалдығын уақытша төктік деп ақталды. Дегенмен, жергілікті билік онсызда жарты ғасыр күткен тас жолды тағы бір жыл күткізетін сыңайлы.

Междуреченск ауылының тұрғындары жолдаған бұл бейнежазбада тозығы жеткен көшені тегістеу үшін таудай етіп төгілген асфальт көрінеді. Бірақ, 30 жылға жуық жол азабын тартқан тұрғындар мұндай сұмдықты күтпепті. Өйткені, биыл жолдарын жөндеуді уәде еткен жергілікті билік өкілдері тұрғындарды асфальт қалдығымен қарық қылған. Жауаптылар орталық көшеде талай жыл тұрып, ескірген асфальтті қырып осында төккен.

«Кесек-кесек асфальттің қалдықтарын әкеліп көшемізге төге бастады. Біз не істеп жатырсыңдар, тегістеп барып төкпейсіңдерме десек, оған ақша жоқ дейді. Біз барлығымыз қарсы болдық. Сонда, 27 жыл бойы сарғайып күткендегі бізге төсеген асфальттарының сиқы осы ма? Қалдықты әкеліп көшемізге төкті»,- деді Облыс тұрғыны, Валентина ТЫРТЫШНИКОВА.

Қараша қарсылық танытқасын жұмысшылар «Новая» көшесіне төккен асфальт қалдықтарын жинап, келесі «Алпамыс батыр» көшесіне апарып төгіпті. Тұрғындардың айтуынша, жергілікті әкімдік өкілдері оларға тіпті «қалдыққа да зар боласыңдар» деп қоқан-лоқы көрсеткен. Қазір бір көшеден, екіншісіне көшіп барған асфальт қалдығы тегістеліпті-мыс. Десе де, тұрғындар кесек тастарды әлі де өз қолдарымен опырып әлек.

«Әкім қаншама рет көшелеріңізді жөндеп береміз деп уәде берді. Бірақ, бос құрғақ уәде күйінде қалды. Біз қашанға дейін қиналамыз»,- деді Облыс тұрғыны, Ольга МОЛДАКАШОВА.

«Балаларымыз мектепке барады, ешқашан туфли киіп бара алмайды. Тек резина етік. Жаздың күні шаң, балалар ойнай алмайды. 2014 жылдан бастап акиматқа өтініш тастап жатырмыз осы көшенің тұрғындары. Бізге көшемізді жасап беріңіздер деп. Ақша бөлінген жоқ, бөлінген жоқ дейді. Неге орталыққа бөлінеді, бізге неге бөлінбейді»,-деді Облыс тұрғыны, Әлия ЖАРКЕНБАЕВА.

Междуреченск тұрғындары ұзындығы 240 метр болатын Новая көшесіне қара жол төсеуді сұрап, жергілікті әкімдік былай тұрсын, облысқа да сан мәрте хат жолдапты. Бірақ, мардымды жауап болмаған. Тек былтыр, ауыл әкімінің орынбасары қарашаға қуанышты хабар жеткізген. Тілімдей қағазда 2017 жылы Новая көшесі жөндеуден өтеді деп көрсетілген. Алайда, әкімдік уәде еткен жөндеу жұмыстары қалдық асфальтпен шектеліпті.

«Көшені уақытша шұңқырларда ямочная работа дейді ғой, соны тегістеп көшелерге ремонт жасалып жатыр ғой. Сол көшедегі асфальттің бетін алып, осыған қойып грейзимен тегістеп үстін жасаймыз. Тұрғындарға айтқанбыз, уақытша деп. Ал, бұл көшеге ақша заявка берілген 2016 жылы»,- деді Междуреченск ауылдық округінің коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы, Қайырхан ЖҰМЕКЕНОВ.

Тұрғындарға бастапқыда көшелері биыл жөнделетінін айтып сүйіншілеп, артынша өз жауаптарынан тайқыған жауаптылар асфальт қалдықтарын тек уақытша төктік деп ақталды. Ал, қаржы қарастырылса, жаңа жол тек келер жылы жасалатынын жеткізді.

Жауаптылардың жауапсыздығының кесірінен мұндағы еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартта жол бойында кесек-кесек болып шашылған ескі асфальтті басып жүруге мәжбүр. Тұрғындар күндіз амалын тауып діттеген жеріне сүрінсе де, жетеді. Алайда, түнде бұл көшемен жүру өте қауіпті. Өйткені, маңайда не бір жарық шамы да жоқ.

Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир