«Алғабаста» қисайған үйдің тұрғындары жаңа баспаналарына қаңтар айында көшпек

«Алғабаста» қисайған үйдің тұрғындары жаңа баспаналарына қаңтар айында көшпек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алатау ауданына қарасты «Алғабас» ықшам ауданында қисайған №136 үйдің тұрғындарына компенсация ретінде берілетін тұрғын үйдің құрылысы осы айдың соңында аяқталады. Ал, тұрғындар жаңа пәтерлеріне қаңтар айынан бастап қоныстай алады. Іргетасы сыр берген №136 үй нығайтылған соң мемлекетке өткізіліп, пәтер кезегінде тұрғандарға беріледі. Бұл туралы Алматы қаласы құрылыс басқармасының басшысы мәлім етті.


Маусым айында «Алғабас» ықшам ауданындағы №136 үйдің іргетасы сыр беріп, 72 пәтерлі баспана 34 см-ге қисайған еді. Дереу төтенше жағдай жарияланып, мұндағы тұрғындардың барлығы қауіпсіз жерге көшірілді. Осы оқиғадан соң ықшам аудандағы барлық үй тексерістен өтіп, ақауы барларының іргетасы мықтап бекілетін болды. Құрылысқа жауапты мамандар қазір бірінші кезекке қойылған 9 үйді нығайту жұмыстарын жүргізуде екен.


«Толығымен қайтадан үй нығайтылғаннан кейін ішкі жұмыстарының барлығы, инженерлік желілері, ішкі әрлеу жұмыстары, қайтадан жабын жұмыстары толығымен қалпына келтіріліп, абаттандыру жұмыстарын қосымша ақша бөліп және жоспарда қарастырылмаған су бұру әкету нысандарын салып шықтық», - деді Алматы қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп ҚҰРМАНҒАЛИЕВ.


Баспана құрылымын нығайту жұмыстары қисайып кеткен №136 үйге де жүргізілуде. Жұмыстар аяқталған соң баспана мемлекетке өткзіліп, пәтер кезегіндегілерге беріледі. Ал, ол үйдің бұрынғы тұрғындарына құрылыс компаниясы 790 млн теңге қаржысын жұмсап, су жаңа баспана салуда. Құрылыс пен абаттандыру жұмыстары желтоқсан айында аяқтамақ.


Іргетасы сыр берген №136 үйдің тұрғындары жаңа баспаналарына қаңтар айында көшіп келе алады. Бұл үйдің жобасы бұрынғысымен бірдей, яғни шаршы метрлері еш өзгеріссіз қалған. Мердігерлер үйдің құрылысына отандық және Ресейдің сапалы материалдарын қолдандық дейді.


Кезіндегі құрылысын сапасыз жүргізіп, нәтижесінен үлкен сабақ алған мердігерлер жаңа үйдің сапасы мінсіз болады дейді. Нөсер жауын жауып, қанша жерден су ақса да бұл үй еш қисаймайды деп сендірді олар.


«Бұл үйдің құрылыс ерекшелігі - бұрынғы үйлердің фундаменті котлаваны 4,5 метрге қазылатын. Бұл үйдікі 6 метрге қазылды. Бұрынғы үйлердікі 1,5 метр баланс болатын асты, бұл жерде 3 метр. Сонымен қатар, астына геотекстиль деген төселді, ол су жібермейді. Жердің астындағы суды үстіне жібермейді, үстіндегісі астына кетпейді», - деді құрылыс аумағына жауапты маман Мейіржан ДОСАНОВ.


Жалпы баспана мәселесі алаңдатқан алматылықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 2016-2017 жылдарға дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында 94,4 млрд теңге  бөлінді. Соның нәтижесінде 5 мыңнан астам халық баспаналы болмақ. Биыл қала әкімдігі тарапынан 16 үй салынды, тағы 3 үйдің құрылысы ай соңына дейін аяқталады. Ал, келер жылы 17 тұрғын үй, 3 денсаулық сақтау мекемесі мен 4 мектеп салу көзделіп  отыр.


Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров