Алматы облысындағы "Қанды өткелден" қайтыс болған адам саны азаймай отыр

Алматы облысындағы "Қанды өткелден" қайтыс болған адам саны азаймай отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

"Қанды өткелден" қайтыс болған адам саны азаймай отыр. Соңғы бір жарым айда шамалған стансасындағы темір жол өткелінен өтпек болған 5 адам ажал құшқан. Ал, қарбалас мезгілде орнайтын көлік кептелісі тіпті қиын.

Халық арасында "Қанды өткел" аталып кеткен жолда қас қарая қауіпте күшейеді. Тірлігінен тыныштық кеткен тұрғындар үрейдің үлкені тас жол емес, темір жолдан төніп тұрады дейді. 30 мыңнан. астам жұрт жайлаған стансада темір доңғалаққа тапталған трагедиялық жайт жиілеп, соңғы бір жарым айда 5 адам мезгілсіз мерт болған. 

«Өзіңіз көріп тұрғандай мына шеттен келесі ауылға дейін барып-келуімізге екі-үш сағат уақытымыз кетеді. Мына шеті Қаскелеңге 23-24 шақырым оғанда бару үшінде 4-5 сағат уақытымыз кетеді. Былай қарай Боралдайға ашық тұрса 5-6 минутта өтетін едім»,-деді Рахымжан БЕЙСЕНОВ.

Өткелдің арғы бетіндегі ұлының үйіне бару үшін басын қатерге тігіп жүрген жанның бірі 80 жастағы Зейнеп әжей. Немересін көрмесе тұра алмайтын апамыз темір жолдан тәлтіректеп күнде өтеді. Еңкейген егде жасында талай трагедияның куәсі болған. Өзі сияқты немересін сағынған қарт құрбысы шойын жолда жылдам жүре алмай жаншылып, жан тәсілім етті дейді. 

«Қаншама халық міне. Біресе қызды басып жатыр. Бір шалды басты. Жақында бір баланы бөліп кетті. Халық бәрін көріп отыр. Тап мына жерде немересін алып бара жатқанда басып кеткен»,-деді Зейнеп ШӘУДІРОВА. 

Алматыдан шығыстан басқа жаққа аттанған немесе келетін барлық бағыттағы пойыздар осы Шамалған арқылы жүйткиді. Тоғыз жолдың торабында тоғысқан жүздеген көлік кешке қарай араға алты минут салмай жиі жүретін поездарды күтеміз деп кетпеліске кезігеді. 

Күн сайынғы көріністен қажыған көпшілік қауіптен құтылып, көпірден өтер  күн бар ма дейді? Қаптаған халыққа басу айтқан ауыл басшысы қолдан келер қайран жоқ деуден әрі аса алған жоқ. 

«Биыл жеті адам қайтыс болды. Осы переездің өзінде ақсақал кетті, әйел кетті, бала кетті. 19 жастағы студент қыз кетті. Ауданға шағым айтты. Анау ҚТЖ-ның басшысы Еспановқада хат жазылды осы биылдың өзінде. Бірақ орындалмай жатыр»,-деді Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жаңашамалған ауылдық округі әкімінің орынбасары, Мұрат НҮСІПОВ.

Биыл тек Алматы маңында 11 жан мерт болса, 3-еуі ауыр жарақат алған. Темір дөңгелекке тапталған тағдырларды тоқтатып, көлік пен жаяу ағылған көпшілікке көпір салу Қазавтожол мен Қазақстан темір жолына тиесілі. Ал аталған жайтты жеткізіп, арнайы жолдаған сауалхатымызға ҚТЖ АҚ  Астанадағы басшылары алдағы  үш күннің ішінде жауап жазбақ.  

Әмірболат Құсайынұлы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы  



Новости партнеров