Түрксіб ауданы тұрғындары жұмысын немкетті атқарған мердігер компания өкілдеріне өкпелі

02.05.2017 15:06

Айнадай алаңның апай-топайын шығарды. Түрксіб ауданы тұрғындары жұмысын немкетті атқарған мердігер компания өкілдеріне өкпелі. Олар кәріз құбырларын былтыр күзде ауыстыруы тиіс жұмысшылар білектерін қар түскенде ғана сыбанды деп, налып отыр. Базынасы бар бұқара қала басшысы Бауыржан Байбекке арыз айтып, шағымданған екен. Сөйтіп, шаһар әкімінің тапсырмасымен аудан жауаптылары жұрттың жайын білуге тексеріске шықты. Ісіне салғарт қараған мердігерлермен жолығып, оларға дүрсе қойды.

Бұл аула - көз жауынын алатын қаладағы көрікті жерлердің бірі еді. Төңіректегі тұрғындар жыл сайын гүл егіп, ауланы өздері абаттандыратын. Бірақ былтыр жайқалған орын жапырылып қалды. Мердігерлер ескірген кәріз құбырларын ауыстырмақ болып, тегіс орынды қопарып тынған.  

«Бұл алаңқай төңіректегі үйлерде тұратын балаларға арнап салынған. Бірақ құрылыс басталғалы оның апай-топайы шықты. Жұмысшылар істерін толық аяқтамай, қазылған орынды шала көмді. Салдары міне осындай», - деді «НАУРЫЗ РВ-90» ПИК төрайымы Оксана МҰСАБЕКОВА.

Ауладағы кәріз құбырларын жаңартуға жергілікті бюджеттен 30 млн теңге бөлініпті. Мердігерлер 2 жарым айда барлық жұмысты тындырулары тиіс еді. Алайда, басталған іс сағызша созылып, жұмысшылар білектерін тек қыс түскенде сыбанған. Мұндай олқылықты олар әкімшілік тендрді кеш өткізді деумен түсіндіреді.

«Тендр күзде өткізілді. Сөйтіп, біз жүктелген жұмысты дер кезінде бастап кете алмадық. Уақыт тапшы  болғандықтан, қысты күні құбыр жаңартуға тура келді. Бұл аумаққа 1 шақырымнан астам жаңа кәріз құбыр салынды», - деді мердігер компания директоры Атахан Оразлыев.

Амалы таусылған тұрғындар, кейін қала басшысы Бауыржан Байбекке жазбаша шағымданған. Шаһар әкімі бұл бассыздықты дереу жою керектігін айтып, аудан атқамінерлеріне арнайы тапсырма береді. Соған сәйкес, аудан басшысы жауаптылармен жолығып, шала істелген жұмысты қысқа мерзімде толыққанды бітіру керектігін айтты. 

«Мердігер компания 15 мамырға дейін ауланы толық абанттандырып бітеміз деп, уәде берді. Біз бұл істі соңына дейін өз бақылауымызда ұстаймыз. Тараптар бір мәмілеге келді», - деді Түрксіб ауданының әкімі Владимир УСТЮГОВ.

Биыл Түрксіб ауданында 3 шақырымнан астам ескірген кәріз құбыры жөнделмек. Одан бөлек, 1 шақырымынан артық су құбыры қайта жамалады.

Дастан Сейілханұлы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы