Екібастұзда ота жасау кезінде әйелдің ішінде ине қалдырған дәрігерлер сотталды

17.08.2018 16:45

Павлодар облысында дәрігерлік қателік жіберген ақ желеңділерге қатысты сот отырысы өтті, деп хабарлайды Baq.kz

Іс Павлодар қалалық сотта қаралды. Сот материалдарына сүйенсек, сырқат ішінде қалған инені облыстық онкологиялық диспансерде кезекті ультрадыбыстық тексеріс кезінде анықтаған. Бұған дейін азаматша өзін нашар сезінген.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға былтыр болған.

«Екібастұз қаласының тұрғыны облыстық онкологиялық диспансер мамандарының көмегіне жүгінген. Оған «атипиялық гиперплазия эндометрия» диагнозы қойылған. Кейін сырқат пышақтың астына түсіп, оған «эндовидеолапаротомия» атты ота жасалды. Операциядан соң азаматша өзін жайсыз сезінген, ауыр халде 3 ай бойы жүріпті. Рентген жасалған соң, оның ішінде 3,5 сантиметрлік ине жатқанын көрінген. Кейін бұл хирургиялық ине екені анықталды», – дейді облыстық соттың баспасөз хатшысы Әсел Құсанова.

Дәрігерлердің қолынан зардап шеккен екібастұздық сотқа шағымданып, келтірілген моральдық шығынды өтеу үшін 6 млн. теңге талап еткен.

Сот барысында айыпталушы кінәсін мойындап, бұл қадамға әдейі бармағанын айтты.

«Соттың шешімімен, шағымданушы тараптың пайдасына 149 122 теңге мөлшерінде материалдық және 500 000 теңге көлемінде моральдық зиян, жалпы есеппен, 649 122 теңге өндірілді», – деп хабарлады қалалық соттан.