Алматыда былтыр қараша айында жол талғамайтын көлікті қару-жараққа толтырып, тәртіп сақшыларынан қашпақ болған күдіктіге қатысты сот отырысы жалғасуда. Есте болса, өткен жылдың 12 қарашасы күні Республика алаңында полицейлер осы азаматтарды ұстау үшін арнайы операция өткізген еді. Кейін қос азамат алысқа ұзамай ұсталған. Енді қылмыстық істе бірі күдікті, ал келесісі куәгер болып шыға келді. «Заңсыз қару сақтады» деп айыпталып жатқан 23 жастағы Дәурен Әлеуханов кінәсін ішінара ғана мойындап отыр. Сотта ол көліктен шыққан бронжилет, автомат, аңшы пышағы мен толы оқжатардың қайдан алғанын ашық айта алмады.
Бұл былтыр күзде алматылықтардың тынышын бұзған күдікті Дәурен Әуелханов. Ол қасында Мәрлен Шалабаевпен бірге қымбат көлікті есірткі шегіп алып басқарған. Кейін полицейлердің күдігін тудырса керек, тәртіп сақшылары оларды тоқтатпақ болыпты. Бірақ қос азамат ешкімге құлақ аспай, қаша жөнелген. Полицейлер темір тұлпардың 3 дөңгелеген атып, тежемеске амалдары қалмапты. Бірақ тоқтатқан соң да, қос азамат 10 минуттай көліктен түспей қарсылық білдірген еді. Ал Land Cruiser-ден бронжилет, автомат, аңшы пышағы, толы оқжатар мен жауынгерлік жарылғыш зат табылды.
Күдікті Дәурен Әуелханов ұстала салғанда қару-жарақтың өзіне тиесілі екенін әрі оның аңшылыққа арналғанын айтқан екен. Тек есірткіден елірген есі енді кіріп, бұл заттарды менікі емес дегенге көшкен. Берген жауаптарын мың құбылтқан ол кінәсін тек ішінара мойындап отыр. Тіпті «жарылғыш затты тәртіп сақшылары көлігіме салып жіберуі мүмкін» дегенді де алға тартпақ болды. Дегенмен, істегі материалды көрген судья оның өтірігін шығарды. Айтпақшы, көлікті басқарған күдіктіге осыған дейін Шымкентте заңсыз қару ұстағаны үшін қылмыстық іс қозғалыпты. Ол кезде 16 оқты сақтаған 23 жастағы жігіт жасаған ісін мойындап, өкініш білдіргендіктен, тәртіп сақшылары түзелуге мүмкіндік берген. Араға екі ай салып, Дәурен Әуелханов Алматыға келген.
Есте болса, арнайы операция 12 қарашада түнгі сағат 11-лер шамасында Назарбаев даңғылы мен Сәтпаев көшесінде өткен еді. Land Cruiser көлігін қару-жараққа толтырған қос азамат тәртіп сақшыларына бағынбай қашқан. Кейін Мәрлен Шалабаев пен Дәурен Әуелханов алысқа ұзамай ұсталды. Ал заңсыз қару сақтап, көлікке мас күйінде, оған қоса темір тұлпарды құжатсыз басқарған күдіктіге сот 15 қараша күні қамау туралы санкция берді. Аталған дерек бойынша ертең судья қылмыстық істің материалдарымен танысып, жарыссөзі өтеді.
Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы