Жиырма сегізінші халықаралық универсиадаға 34 күн қалды. Байрақты бәсекенің ауылы жақындаған сайын Алматы қаласындағы спорттық нысандардың дайындық жұмыстары жіті тексерілуде. Атлетикалық ауылға шартты түрдегі шет елдік спортшылар қоныстанды. Атлеттер қалашығының дайындығымен Алматы әкімі Бауыржан Байбек танысты.
Мұнда спортшылардың қауіпсіздігіне басты назар аударған. Келген қонақтардың барлығы жіті тексереді. Атлетикалық ауылдың сырты қарауыл және бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. Нысанның байрақты бәсекеге толықтай дайын екенін Алматы әкімі Бауыржан Байбек көрді.
Ұйымдастырушылар спортышларды әуежайдан күтіп алып Атлетикалық ауылға дейін жеткізіп, бөлмелеріне орналастырды. Шартты түрдегі шет елдік спортшылардың орнына 3 мың ерікті қатысты. Спортшыларды жарыс өтетін нысандарға жеткізу үшін арнайы жасақталған 500 автобус сақадай сайланған.
«Біз осыған дейін халықаралық спорттық шараларды өткізген кезде спортшылар әртүрлі қонақ үйлерге жайғасты. Алғаш рет Атлетикалық ауылда шет елдік спортшылар қоныстанады. Біз қазір спортшыларды әуежайдан күтіп алып, бөлмелеріне орналастырып, заттарын тексеруге қанша уақыт кететінін есептейміз. Универсиада кезінде спортшылар жарысқа немесе басқа да шараға кешікпеуі керек»,- деді ХХVIIІ Халықаралық қысқы универсиада ойындарын ұйымдастыру дирекциясының басшысы Наиль НУРОВ.
Айта кетсек, Универсиадаға арналған Атлетикалық ауылға әлемнің 50-ден астам елінен қонақ келіп, қоныстанады. Нысан 5 мың орынға арналған. Мұнда дәріхана, амбулаториялық және емдеу орталығы және тағыс басқа да қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Алдын ала жоспар бойынша, байрақты бәсеке кезінде Алматы қаласына 30 мыңға жуық шет елдік және отандық турист келеді.
Аршын Кемелжан, Рашидин Якупов, "Алматы" телеарнасы