Алматыда Республика күніне орай ауқымды іс-шаралар өтеді
Мерекелік іс-шаралар Қазақстаннан тыс жерлерде де өтеді
25 қазанда Қазақстанда елдің мемлекеттілігі мен егемендігін айшықтайтын ұлттық мереке – Республика күні атап өтіледі. Осыған орай Алматыда қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мәдени-бұқаралық, спорттық және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мерекелік бағдарлама аясында концерт, музей және кітап көрмесі, дөңгелек үстел, спорттық жарыс, зияткерлік ойын, байқау, танымал тұлғалармен кездесу, флешмоб пен жастар акциясы өтеді. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында сенбілік өткізу жоспарланған.
Негізгі іс-шаралар:
- 23 қазанда Республика сарайында Республика күніне арналған мерекелік концерт өтеді. Сол күні сағат 18:30-да «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Егемен ел – еңселі ел» концерті ұйымдастырылады.
- 25 қазанда «Медеу» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімі өтеді.
- Сол күні сағат 17:00-ден 21:30-ға дейін Абай алаңында танымал өнерпаздардың қатысуымен ашық аспан астында мерекелік концерт өтеді.
- 10–25 қазан аралығында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған жалпықалалық «Оқитын ұлт – озық ұлт» акциясы өтіп жатыр.
- 20–25 қазан аралығында Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрында Республика күніне орай IV Халықаралық «Almaty Puppet Festival – 2026» қуыршақ театрлары фестивалі өтуде.
Сонымен қатар Республика күніне арналған іс-шаралар Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты әлеуметтік орталықтарда да ұйымдастырылады. Қызмет алушылар үшін концерттік және ойын-сауық бағдарламалары әзірленген.
Мерекелік іс-шаралар Қазақстаннан тыс жерлерде де өтеді. 21–29 қазан аралығында «Алматы әуендері» КМҚК-ның «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі қала билігінің қолдауымен Италияның Рим және Флоренция қалаларында концерт береді. Өнер көрсетілімдері Республика күніне орай ұйымдастырылады.
Оқи отырыңыз: Алматыда Республика күніне арналған флешмобқа 1 мың жас қатысты