Астанада бес баланың анасы аядай бөлмеде күн көріп жатыр. Жалғызбасты келіншекте алимент пен мемлекеттен берілетін көмектен басқа кіріс жоқ. Оның өзі жыртыққа жамау бол алмайды екен. Ал көпбалалы ананың жағдайы естігендер біртіндеп қол ұшын беріп жатыр. Қаржыға қысылған Ольганың халықтан көмек сұрауынан басқа амалы қалмаған.
Ольга Новицкая 5 баласымен қала шетінде аядай ғана бөлмені 35 мың теңгеге жалдап тұрып жатыр. Олардың біреуінде туғаннан бері «мүгедек» деген анықтамасы бар екен. Мемлекеттен берілетін 9 жарым мың теңгемен алименттен басқа кіріс жоқ. Енді тегін ақшаның ғұмыры бітуге аз қалған.
«Қалада бұрын тіркелген болатынмын. Бірақ өткен жылдың мамырында оның мерзімі бітті. Сондықтан мен «көпбалалы ана», алдағы айдан бастап «мүгедектік» үшін берілетін көмектен қағыламын. Оны жасату үшін 40-45 мың теңге керек. Бір-екі рет жасап беремін деген адамдарға ақша беріп, алдандым. Тіркедік деп алдайды, ертеңіне барсаң, тізімде болмай шығасың. Әлбетте, құжат жоқ адамға мемлекет ешқандай көмек көрсетпейді», - деді бес баланың анасы Ольга НОВИЦКАЯ.
Ольга қаржыдан мұнша қысылуын кезінде алаяқтар қақпанына түсіп, банктен қомақты несие алғандығымен түсіндірді. Ақша уақытылы қайтарылмағасын, қаржы ұйымы барлық кіріс шоттарын бұғаттап тастаған. Ал жалдап тұрған үйдің ақшасынан бөлек, киім мен ішер-асына тиын табылмағасын, амалсыздан көптен көмек сұрап отыр. Бес баланы асырап отырған ананың жағдайын естіген Ольга есімді азаматша азынаулақ қаржы әкеліпті.
«Менің өзім де үй жалдап тұрамын. Сондықтан Ольганың жағдайын түсінеміз. Жинаған қаржы тым болмаса бір ай уайымсыз осы үйді пана етуге жетеді. Қыста 5 баламен қайда барады? Енді бұл игі іспен тоқтамай, оның Астанада балаларымен бірге тіркеу жағын көмектессек деген ниеттеміз. Ай сайынғы балаларға арналған мемлекеттен көмек алып тұрғаны жақсы ғой. Осы жағдайды шешіп беремін дегендер болса жақсы болар еді», - деді көмек көрсетуші Ольга ВИЛЬ.
«Қол ұшын созғандарға рақметімді айтқым келеді. Қандай болса да, тиыннан теңге құрап бергендеріне. Әрине, талай органдарға барып, көмек сұрадым, бірақ олар "сен сияқтылар бізде жетіп артылады" деген сөзбен шығарып салады. Ал қарапайым халық, өздері де үй жалдап жүрсе де, балаларының аузынан жырып, менің бес балама беріп жатыр. Тағыда рақмет!», - деді бес баланың анасы Ольга НОВИЦКАЯ.
Балақайлардың анасы олардың беттерін көрсетпеуді сұрады. Өйткені, ұлдары мектептегі сыныптастарынан ұялады екен. Бірақ тағдыр тауқыметін тартып жатқан жеткіншектердің арманы таудай. Бірі өрт сөндіруші, тағы бірі полицей болам десе, өзгелері ерікті болғысы келеді.