Жоғалып кеткен Қадиша Түсіпованың балалары көпшіліктен көмек сұрауда

10.10.2017 23:08

Алматы облысында із-түзсіз жоғалып кеткен Қадиша Түсіпованың балалары көпшіліктен көмек сұрауда. Әжейді туыстары тамыз айынан бері таба алмай әлек. Жақындары оның паркинсон ауруына шалдыққанын айтады.

Қадиша Түсіпова 4-ші тамызда таңғы сағат 8-дерде үйінен шығып, содан бері оралмаған. Қарияны бала-шағасы мен туыстары шарқ ұрып іздестіруде. Одан қалды 50-ден астам ерікті де қол ұшын созған. Олар ауыл маңын түгелдей сүзіп шығып, ауруханалар мен мәйітханаға да сұрау салыпты. Алайда, еш нәтиже болмаған әлі.

¤«Біз деген құзырлы органдарға бардық. ІІД-ға бардық. Өтініш жаздық. Сол каналдың бойында тәпішкесін қалдырып кеткен. Каналдың бойымен іздестірдік.  Каналдың ішінде суын тоқтатып, 3 рет іздестірдік. Өзіміз бар, туысқандарымыз бар, 50 адамдай іздедік», - деді Қ.Түсіпованың қызы Меруерт ӘБІЛҚАСЫМОВА.

¤Әжейдің туыстары оны іздеп, сабылып жүргендеріне 2 айдан асып барады. Олар мүмкін болған жерлердің барлығын аралап, сұрастырып шығыпты. Шақша басы шарадай болған отбасы бақсы-балгерлерге барған көрінеді. Олардың барлығы аналарының тірі екенін және әйел адамның қолында екені айтыпты. Алайда, мекен-жайын нақты көрсеткен ешкім жоқ. Ал, құзырлылар Қадиша Түсіпованы іздестіру жұмыстарының жүріп жатқанын айтады.

¤«Қазіргі уақытта із-түзсіз жоғалған азамтшаның орналасқан жерін анықтау бойынша жедел іздестіру шаралары жалғасуда. Іздестіру шаралары барысында жергілікті жерлерді, байланысты, таныстары, достарынан, көршілерінен сұрастыру бойынша тексерілуде», - деді Алматы облысы ІІД ресми өкілі Айман МЫРЗЕКОВА.

¤Айта кетсек, жоғалған әжей паркинсон ауруына шалдыққан және дәрінің көмегімен жүрген. Ал, кетерінде өзімен мүлдем дәрі-дәрмек алмаған. Сондықтан, бала-шағасы аналарының денсаулығына алаңдап, оны тездетіп табу үшін қайырымды жандардан көмек сұрауда.