Қазақстан халқы ассамблеясы журналистері мен сарапшылар клубы Алматыда бас қосты. Жиынға қатысушылар Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін телебағдарламаларды көбейтуді ұсынды. Сондай-ақ «Қазақ тану» жобасын одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.
«Осы күні еліміздегі этномәдени редакциялар «Менің Қазақстаным» тақырыбында көптеген материал дайындап жатыр. Әсіресе, корей, неміс тілінде жақсы дүниелер жазылуда. Сонымен қатар республикалық телеарналарда да «Қазақ тану» жобасы қарқын алып келеді. Қазақтың тарихын, мәдениетін, өнерін дәріптейтін бағдарламалар пайдасын тигізуде. Аталған жобаны Елбасы да қолдаған болатын»,-деді ҚР ҚХА төрағасының орынбасары Леонид ПРОКОПЕНКО.
Келелі жиында Еліміздегі журналистика саласының жай-күйі де талқыланды. Қатысушылар ақпараттық кеңістікгіндегі инновациялардан бас тартпай, керісінше, телевидение, радио, интернет порталдары заман талабына сай жұмыс істеу керектігін айтады. Сарапшылардың сөзінше, алдағы уақытта журналистика саласы жанжақты болуды талап ететін «мобильді» мамандық болмақ.
«Бұл ақпараттық цифрландыру заманында заңды құбылыс болып табылады. Одан біз қорықпай, оның негізгі бағыттарын анықтап алып, заман ағымына қарай жүруіміз тиіс деп ойлаймын. Ал басқа дәстүрлі телевидение, радио болса, ол әр каналдың, радионың өз тыңдарманы бар. Мазмұнға байланысты қызықты болса, әрқашан да оқырманын да, өзінің көрушілерін де табады деген ойдамын»,-деді ҚР АКМ ақпарат комитетінің төрағасы Ержан НҮКЕЖАНОВ.
Жиын соңында журналистер мен БАҚ ұжымдары, соның ішінде "Алматы" телеарнасы да - Қазақстан халқы ассамблеясы атынан рухани бірлікті, достық пен этносаралық ынтымақтастықты нығайтудың гуманистік мұраттарына қосқан еңбектері үшін марапатталды.