Универсиадаға қатысушылардың киімдерін отандық тігін фабрикасы тікті. Тігіншілер күніне 500 адамға дейін киім дайындап, барлығы 33 824 түрлі арнайы форма тіккен. Олардың қатарында ұйымдастырушылар, еріктілер мен төрешілердің киім үлгілері бар. 2014 жылдан бастап спортшыларға киім тігуді қолға алған текстиль компаниясы Универсиада киімдерін небары 45 күнде тапсырыпты. Қазір компания қосымша тапсырыс алып, тәртіп сақшылары мен дәрігерлерге 1000 дана киім дайындап жатыр. Жалпы, тігін компаниясы дизайнерлермен ақылдаса отырып, 4 түрлі үлгі әзірлеп Универсиада дирекциясы мен Алматы әкімдігіне көрсеткен. Осылайша, киім моделін жасауға тоқтамға келген. 1 форманың өзі үш киімнен тұрады. Тұмақ, күрте, шалбары бар спорт күртесі және рюкзак. Тігіншілер киімнің матасы сапалы екенін алға тартты.
«Бұл фелис деген мата. Осы матаны таңдаған себебіміз, бұл өзі үтіктеуді қажет етпейді. Сосын, жылы суық өткізбейді, терлетпейді. Ерекшеліктері осы матаның. Мына курткаға келетін болсақ, жағасы терлемесін деп мынадай жұмсақ матамен келтірдік»,- деді Компания басшысы, Жанат АЛТЫНҚАДЫС.
Киімдердің дизайны ұлттық ою-өрнекпен безендірілген. Сондай-ақ, Универсиада мен ЭКСПО көрмесінің белгісі де жабыстырылған. Дизайнерлер, киімдердің түр-түсіне ерекше мән беріп, қазақ даласының жазира жазығында кездесетін түстерді таңдаған.