Лаңкестік оқиға кезінде қаза тапқан полицейдің отбасына баспана берілді

18.07.2017 14:42

Берілген уәде тек 1 жылдан кейін орындалды. Алматыда Руслан Күлекбаевтың қарулы шабуылы кезінде, қызмет бабында қаза тапқан полиция сержанты Серік Әбілдаевтің отбасы баспаналы болды. Қаршадай үш қызбен жесір қалған Әсел Баймұхамбетова билік берген пәтерге осы аптаның аяғы түбегейлі көшіп келмек. Есте болса, Талғар ауданы әкімдігінің табалдырығын тоздырып, әділдіктің орнауын талап еткендердің алғашқысы біздің арнаның тілшілері болып еді. Басынан бері оқиғаны баса назардан тастамаған олар отбасының жаңа үйіне барып келді. Толығырақ тілшіміз Жадыра Омаржаннан сұрайық.

Бұл пәтерді 36 жасында үш қызымен жесір қалған Әсел Баймұхамбетова тұп тура 1 жыл күтті. Осыған дейін ескерусіз қалып келген полиция сержанты Серік Әбілдаевтың отбасына билік өткен сәрсенбіде кілт тапсырыпты. Қазір ішіне орналасып үлгермеген Әсел жаңа пәтерге ендігі аптада толық көшіп келмек. Бірақ ол Әбілдаевтар жанұясында орын алған қайғының орнын 3 бөлмелі пәтер толтыра алмайды дейді. Дегенмен, марқұмның артында қалған 3 қызды адам қылу басты міндетім деп отыр. Сондықтан, пәтердің де керек екендігін айтады. Ал үйді Алматыда орын алған Руслан Күлекбаевтың лаңкестік әрекетінің орын алғанына 1 жыл толғанда алғанымыз, үйдегі ес білетін екі қызға ауыр тиді дейді. Өйткені, олар іштей алған үйге қуанғанмен, әкесіз өткізген 365 күнді еске алғанда еңіреп жылайды деп отыр. Сондықтан, олар жаңа үйлеріне келе алмады.

«Көптен күткен пәтерімізді алдық, берді бізге. Осы сәрсенбі күні берілді. Іздейді, сұрайды әлі күнге дейін қиналады. Міне, бүгінгі күн қыздарыма ауыр болып жатыр. Ертен бір жыл болады папамыздың үйге келмегеніне деп. Үлкен екі қызым түсінеді бәрін біледі. Солар қатты қиналып жүр. Орны толмайтын қағы ғой жанұямызға»,- деді Полиция сержанты С.Әбілдаевтың жесірі, Әсел БАЙМҰХАМБЕТОВА.

Осы уақытқа дейін үмітін сөндірмей келген келіншекті марқұмның жұмыстағы әріптестері мен Қорғаныс министрлігі барынша қолдап келіпті. Барлық жағынан көмектесіп, күйеуінің жоқтығын сездірмеуге қарекет етіпті. Енді биліктің жаңа жылдан бері уәде беріп, салғырттығына оның өкпесі жоқ. Жақсылықтың ерте, кеші жоқ деген ол қайта алғыс айтып, бұл үйден қыздарды ұзатуды армандайды. Бастысы отын жарып қиналып, аядай Байсеркедей пәтерде тұрмайтынына қуанышты. Әсел Баймұхамбетова елімізде қарулы шабуыл орын алмаса екен деп тілейді.

«Документтерін ауыстырамын осы жаққа, мектепке беремін. Жанында екі мектеп бар екен, балабақша да бар екен. Жақсы, ыңғайлы. Осы жаққа ауыстырып, осы жақтан оқытамыз. Қайғымен келіп тұрған пәтер ғой енді. Қыздарым қызығын көрсін деймін»,- деді Полиция сержанты С.Әбілдаевтың жесірі, Әсел БАЙМҰХАМБЕТОВА.


Еске сала кетейік, 18-ші шілдеде Алматы көшелерінде Күлекбаевтың терактісіне қарсы шығу үшін бұйрық алған 42 жастағы полиция сержанты Серік Әбілдаев алған оқ жарақатынан 12 күн ес-түссіз жатып қайтыс болды. Құқық қорғау саласында 23 жыл істеп, үш жылдан соң зейнеткерлікке шығам деп жүрген жігіттің артында 13, 9 және 2 жасқа толмаған үш қызы қалды.

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы



Теги: новоселье