Бас қалада үлескерлер дауы тыйылар емес. «Азбука жилья» компаниясынан аузы күйген халық қала әкімі Әсет Исекешевтың есептік кешіне арнайы дайындалып келіпті. Ыза мен ашуға булыққан жұрт ұзақ жылдан бері толыққанды шешімін таппаған баспана мәселесін сұрады. Тіпті үлескерлерді Асқар Маминде сабырға шақырды. Сауалы көп елді әкім жиын соңында жеке қабылдауға тура келген.
Қала әкімі Әсет Исекешевтің есептіп кездесуіне қалың бұқарамен бірге билік өкілдері төбе көрсетті. Премьер-министрдің орынбасары Асқар Мамин мен Парламент депутаттары бар. Жиынды баяндамадан бастаған әкім әуелі жетістіктерді жіпке тізді.
«Қаламыздың экономикасы тұрақты өсіп жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіп, инвестиция көлемі 945 млрд теңгеге жетті. Олардың ішінде 70 пайызы жекеменшік инвестиция. Кәсіп өндірісінің де көлемі өсті. 500 млрд астам деңгейде өнім шығарылды. Шағын және орта бизнес қарқынды дамып жатыр. Қаламызда жаңа 9000 кәсіпкер пайда болды», - деді Астана қаласының әкімі Әсет ИСЕКЕШОВ.
Әсет Исекешев «Сергек» камерасына тоқталды. Өйткені, ол жол апатын 18 пайызға төмендеткен. Әрі, қала бюджетін үнемдеуге септігін тигізген.
«Қылмыстық жағдай 20 пайызға төмендеді. Осы тұста бейнебақылау камераларының рөлі маңызды екенін атап өткім келеді. Камерасы бар аулаларда қылмыс деңгейі айтарлықтай төмен. Өткен жылы «Қауіпсіз аула» бағдарламасы аясында 500 жуық камера орнатылды. Ал мемлекеттік - жекеменшік серіктестік аясында 3000-нан астам бейне бақылау орынатылды. Нәтижесінде тұрғын үй аулаларында 2 мыңға жуық заң бұзушылық анықталған», - деді Астана қаласының әкімі Әсет ИСЕКЕШОВ.
Астананың «аты шулы» түтінін ескерген әкім көмірден бас тарту қажеттігін айтты. Биылдан бастап Солтүстік, Орталық Қазақстан мен Астанаға табиғи газды жеткізу мәселесі қолға алынатын болды. Қаланы көгілдір отынмен қамту ең алдымен жылыту электр стансаларынан басталмақ.
«Бірінші газ ТЭЦ2-ТЭЦ3 орталықтары газға көшіріледі. ТЭЦ қасындағы шет аудандар, Көктал дейміз, бірінші кезекке жатады және Юговосток дейміз. Биыл басталады. Қаражатпен қалай қамтамасыз етіледі? Соған қарай жоба да жүреді», - деді Астана қаласы Энергетика басқармасының басшысы Ербол ТӨЛЕУОВ.
Былтыр Астанаға 2 млн шаршы метр тұрғын үй салынғанын айтқан әкімнің әңгімесінен кейін кездесу сұрақ жауапқа ойысты. Баспанаға келгенде басты мәселесіне айналған үлескерлер «Азбука жилья» компаниясының мәселесін көтерді. Зардап шеккен жұрт мәселеміз әлі күнге дейін оң шешілмеді деп зар иледі. Әрі, әкімнің орынбасары Сергей Хорошун қызметінен кетсін дегенді талап етті.
«Жаңа ғана проблемалық үйлердің мәселесіне қатысты сауал қойылды. Тіпті бізге «Нұрлы жер» бағдарламасына енді, деді. Әрі оған 40 млрд теңге бөлініпті. Қояр сауалым: Біз қашан баспаналы боламыз?Тұрғындар компанияны өздері таңдап жатыр, дейді. Оның бәрі өтірік. Бәрін Сергей Хорошун шешіп отыр», - деді үлескер Сәуле КУСАНОВА.
Ашулы азаматтарды Асқар Мамин сабырға шақырды. Әрі, бұл жағдай тек әкімшіліктің емес, сонымен қатар, биліктің назарында екенін жеткізді. Әсет Исекешев дегенмен олардың сөзін соңына дейін тыңдап алды.
«Құрылысы бітпей қалған «Азбука жилья», «Шығыс» және «Жағалау» тұрғын үй кешендері Ұлттық фондтан бөлінетін қаржыға салынады. Біз аталмыш обьектілерді техникалық және қаржылық аудиттан өткізетін арнайы компания құрдық. Толық тексеріс біткеннен кейін, нысандарды бітіру жұмыстары қолға алынады», - деді Астана қаласының әкімі Әсет ИСЕКЕШОВ.
Белгілі болғандай биыл қаңтар айында проблемалық нысандар қатарына «Рух» пен «Көктал», «Аниса 2-3» тұрғын үй кешендері қатарға қосылыпты. Ал аяқсыз қалған кешендер енді жеке инвесторлар арқылы шешілмек.
Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан