Қазақстанның киелі жерлер тізіміне А.Байтұрсыновтың мұражай үйі кірді

Қазақстанның киелі жерлер тізіміне А.Байтұрсыновтың мұражай үйі кірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының ортасында орын тепкен Ахмет Байтұрсыновтың мұражай-үйі Қазақстанның киелі жерлер тізіміне кірді. Бұл келушілердің көптеп ат басын бұруына әсерін тигізеді дейді мұражай қызметкерлері. Ал 20 жылдың ішінде ұлы ағартушының үйін тамашалауға әлемнің ең шет аймақтарынан ондаған мың адам келіпті. Бірегей жәдігерлерді біздің түсірілім тобы да көріп қайтты.

Өткен ғасырдың 30-шы жылдары өмір сүрген Ахмет Байтұрсыновтың бұл үйі мұрайжай болып 1998 жылы қайта жасақталған. Қазақстанның киелі орындары тізіміне енген нысанда бірнеше көрме залы бар. Біріншісі - оралу, екіншісі - шығармалық залы болса, үшінші көрме залы - саяси қудалау тақырыбына арналған.

«Колумбия университетінде 1967 жылы Орталық Азия туралы кітап жарыққа шықты. Бұл басылымда Ахмет Байтұрсынов туралы 32 беттік мақала жарияланған. Авторлар оны қазақ әдебиетінің көшбасшысы ретінде суреттеген. Үй мұражайында болған барлық шетелдіктердің,біздің реформаторымызға деген қызығушылықтары артуда»,-деді Ахмет байтұрсынов мұражайының директоры Райхан ИМАХАНБЕТ.

Ахмет Байтұрсыновпен танысқан әрбір келуші, арнайы кітапта өз әсерлерін қалдырады. Оның беттерінен алыс-жақын шетелден келгендердің қалдырған жазбаларын көруге болады. Қазір нысанды тамашалау үшін кіру билеттерін сату алу мәселесі шешіле қоймаған. Алайда "Сакралды Қазақстан" жобасының аясында бұл шаруа жақын күндері тындырылады.

«1934 жылы Ахмет Байтұрсынов Алматыға келді. мұнда оны ешкім қарсы алмады, ол туысқанының үйінде тұрған. Бұл оның ағасының ұлы . Кейбір мәліметтерге сүйенсек, бұл машинкада ол Сталинге хат жазған»,-деді Ахмет Байтұрсынов мұражайының директоры Райхан ИМАХАНБЕТ.

Сандықшаның тарихы өзінше бөлек әңгіме. 1929 жылы Байтұрсынов Қызылордада тұтқындалған. Оған қолдау көрсету үшін әйелі Александра бұл бұйымды бақырға сатады. Ал сатып алушылар болса, ағартушының еңбегін, білім реформаторына құрмет ретінде осы кезге дейін сақтап келіпті. Осы секілді Ахмет Байтұрсыновтың қолданған бұйымдары мен заттарын осы мұражай-үйден тамашалауға болады.

Азамат Әуезхан, Жанна Хабдулхабар, Мақсат Күнібеков, Алматы телеарнасы.


Новости партнеров