|
02.07.2018 | 20:28
3332

Домбыра күні: Алматыда 500-ден астам музыкант көшеде күй тартты

Домбыра күні: Алматыда 500-ден астам музыкант көшеде күй тартты

Алматыда тойланған ұлттық домбыра Арбаттағы флешмобпен бастау алды. 500-ден аса музыкант танымал композиторлардың күйлерін орындады. Қала қонақтары мен тұрғындары үшін өзге де ауқымды бағдарламалар дайындалыпты.

Бұл Аида Ахметованың алғашқы перзенті. Елімізде атап өтілетін ұлттық домбыра күні туралы естіп, ұлының сол күні дүние есігін ашқанын қалаған. Жас келіншектің арманы орындалып, баласы шілденің бірінші күні туылды.

«Бұл сәбиді өзіміз көп күттік. Негізінде қатты қалап едік. Өте қуаныштымын. Осындай мереке күні босанып жатқаныма қуаныштымын»,-деді Аида АХМЕТОВА.

Аида елімізде бірінші рет атап өтілген қазақтың бас музыкалық аспабы күнімен тұспа-тұс өмірге келуін жақсы ырымға балап отыр. Болашақта музыкант болса екен деген тілегі бар. Нәрестенің атасы да, әкесі де бұл өнерге жақын. Жалпы 1 шілде күні еліміздегі перзентханалар сәбидің іңгәләған даусынан бөлек, домбыраның қоңыр даусына бөленді. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 1 шілде күні туылған нәрестелерге қазақтың бас музыкалық аспабы тарту етілді.

«Қала бойынша бізде Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы Алматы қаласы бойынша Алматы бойынша 5 перзентханаға барамыз. Осы бірінші шілде күні дүниеге келген әрбір азаматқа осындай домбыра және аз-кем сыйлықтарымыз бар соны табыстаймыз. Жан-жаққа бөліндік, ал маған осы Алматы қаласындағы 1 перзентханада дүниеге келген сәбиге осы сыйлықты табыстау бұйырды»,-деді ҚР Президенті жанындағы «қоғамдық келісім» РММ жетекші сарапшысы Нұрсәуле ӘЛТЕКОВА.

Алматыда тек перзентханада ғана емес, қос ішекті домбыра үні Алматы Арбатын да күйге бөледі. Ерекше флешмобқа 500-ден аса домбырашы қатысып, танымал күйшілердің шығармаларын орындады.

Мерекелік шараға жасы да, жасамысы да қатысты. Әйгілі күйші-сазгер, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары да шырқалды.

«Мен енді бар өмірімді осы домбыраға арнаған адаммын. Сондықтан Алматыдағы шараға қатысып тұрғаныма қуанып тұрмын. Домбырамды ала келдім. Халықпен бірге анау бүлдіршіндермен отыру біз үшін үлкен бақыт»,-деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші, сазгер Шәміл ӘБІЛТАЙ.  

Қазақтың бас музыкалық аспабын жасауды үйренемін деушілер үшін арнайы шеберлік сабақтары өткізілді. Құрманғазы Қадыровтың домбыраға ерекше ықыласы бала кезінен басталған. Оны жасауды 5 сыныптан бастап үйренген. Қазір арнайы тапсырыспен жасап жүр.

«Домбыра жасау негізі өте қиын шаруа. Домбыраны жасау үшін бірінші икемділік керек. Түсіне білу керек. Әр ағаштың материалдың өзін таңдай білу керек. Домбыраны негізі жылдар бойы үйрену керек. Оның өзінің заңдылықтары бар. Пропорциялары бар. Одан кейін мына ағашты таңдауда да, үлкен танымдылық керек»,-деді ҚР мәдениет қайраткері Құрманғазы ҚАДЫРОВ.

Алматы Арбатында қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Мерекелік шараға қатысқан әрбір азаматқа естелікке шағын домбыра түріндегі кәдесыйлар табысталды. Мерекелік шараның соңы Ықылас атындағы Ұлттық музыкалық аспаптар мұражайының алдында «Сазген сазы» оркестрінің концертімен аяқталды.

Перизат Көмекбайқызы, Алтыншаш Смағұлова, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир