Алматыда қатерлі ісікке шалдыққандарды дәрімен қамту мәселесі шешімін тапты

Алматыда қатерлі ісікке шалдыққандарды дәрімен қамту мәселесі шешімін тапты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда онкологиялық сырқатқа шалдыққандарға берілетін дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі шешімін тапты. Бұл туралы Алматы онкологиялық орталығының бас дәрігері Нұрсұлтан Ізмағамбетов хабарлады. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралында сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққандарға қымбат препарат жетіспей жатқандығы туралы ақпарат тараған болатын.


Алматыда сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққандарға берілетін дәрі-дәрмек жетіспеушілігі қалада бұл дертпен ауырғандар санының ұлғаюына байланысты туындаған. Ресми деректерге сәйкес, соңғы 8 айда сырқаттанушылар қатары 5 пайызға көбейіпті. Дәрігерлердің сөзінше, ол мәселе жедел түрде шешілген. Бүгінде аталған жағдайды Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жеке бақылауына алған.

«Дәрі жағынан жылдың басында аздап жетіспеушіліктер болды. Бірақ қазіргі күнде  дәрілердің бәрін жеткіздік. Мысалы, Қызылорда облысынан уақытша алдық. Мына өзіміздің онкологиялық орталықтан, аталмыш институттан күнделікті жеткізіп жатырмыз. Қазір дәрілердің бәрі бар», – деді Алматы қаласының Онкология орталығының бас дәрігері Нұрсұлтан ІЗБАҒАМБЕТОВ.  

«Онкологиялық қызмет Алматы қаласы бойынша халыққа 3 миллиард 222 миллион теңгеге кепілдендірілген медициналық көмек түрін көрсетуде. Яғни, жергілікті билік өкілдері тарапынан қосымша қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда. Денсаулық сақтау басқармасы зерттеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін, оның нақтылығын министрлік пен біздің қордың орталық аппараты тексереді. Өтінішті қанағаттандыруға біздің қордың толық мүмкіндігі бар. Алматы қаласында бұл қызметтің тұрақты түрде толық жұмыс істеп тұруына тиісті қаражат берілетін болады», – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.

Бүгінде Алматының онкологиялық орталығында 170 адам ем қабылдап жатыр. Оның ішінде, 50 пайызы сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққандар құрайды. Өткен жылы қалада тері қатерлі ісігі бірінші орында тұрса, биыл аталған дерт көш бастап отыр.

Орталықта ем алып жатқан науқастарды сөзге тартып көргенімізде, олар ауру белгілерінің скринингтен өткен кезде анықталғанын, содан бері ем химия түрінде ем қабылдап жатқандарын айтты.

«13 химия қабылдадым. Алматы онкологиялық орталығында ем қабылдап жүрмін. Лейкоцит төмендеп кетіп мазам болмай қалғанда, осы орталыққа келемін. Дәрі-дәрмек жетіспеушілігі болған емес, қажетті препараттар тегін беріледі», – дейді С. есімді әйел.  

Ресми мәлімет бойынша, биыл 8 айдағы есеп бойынша сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан 5 мыңнан астам әйел тіркеуде тұр. Осы жылы 400-ден астам келіншек жаңадан тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда 5 пайызға көп.

«Алматы – өте үлкен қала. Алматыда миграция бар. Адам санының өсуі бар. Сондықтан көп науқастар ем алуға осы жерге келіп тіркеледі», – дейді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржан ИСАБЕКОВ.

Алматы онкологиялық орталығы 15 қыркүйектен бастап тегін скринингтік тексеру бойынша акция өткізбек. Ол сенбі сайын таңғы сағат 9-дан бастап, түскі сағат 3-ке дейін созылады. Тегін тексеру қазан айының аяғына дейін жалғасатын болады.


Перизат Көмекбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров