Жол полициясы қызметкерлеріне жезл қайтарылуы мүмкін

02.05.2017 16:25

Жол полициясы қызметкерлеріне жезл қайтарылуы мүмкін. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тұраққа көлігін қойғандар үшін айыппұл көлемі төмендеуі ықтимал. Бұл Сенат қабырғасында өткен Үкімет сағатында белгілі болды. Халық қалаулылары алдында есеп берген Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов еліміздің Солтүстік және Алматы облыстарын қамтыған су тасқынына алаңдаушылық білдірді.

Жоғары палатада өткен Үкімет сағатында еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бүгінгі таңда адамға ерік бермей, жайпап өтіп жатқан тасқын судың алдын алу жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, жол жүру ережесі, жол-полиция қызметкерлерінің арасындағы жемқорлықпен күрес жағдайына қатысты атқарылған жұмыстарға есеп берді. Көтерілген мәселелерге рет-ретімен тоқталар болсақ, сенатор Серік Ақылбай жол полиция қызметкерлерінің қолына алатаяқты қайтаруды ұсынды. Айтуынша, кейде көше қиылысында қозғалысты таяқсыз реттеп тұрған жол сақшысының іс-қимылдары көрінбейді-мыс. Ал, Ішкі істер министрі өз тарапынан қозғалысты таяқсыз реттеудің еш өзгешілігі жоқ екенін атап өтті. Бірақ ұсынысқа құлақ асты. Егер жол сақшылары алатаяқты қолына алса да тек кешкі мезгілде қолдануы мүмкін.

«Жол жүру ережесінде біз қол және алатаяқ арқылы жүргізушілерді тоқтата алатынымыз белгіленген. Еуропа тәжірибесін ескере отырып, көлік патруліне көштік. Алатаяқтар жарық шағылыстыратын  кеудеше, қолғапқа ауыстырылды. Бүгінгі таңда қажетті заттармен жол сақшылары 100 пайыз қамтылып отыр. Енді халықтың жаңашылдыққа көне алмауы ол уақытша дүние», - деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Депутаттың ұсынысын Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха да қолдады. Оның пікірінше, алатаяқпен жолда  бағдар жасап тұру ыңғайлырақ. Осыған орай, бұл ұсыныстарды әлі де Үкімет отырысында көтеретіндіктерін жеткізді.

«Бұл өзгеріс үкіметтің қаулысы бойынша енген болатын. Бірақ ұсынысты алдағы уақытта Үкімет алдында көтеретін боламыз. Жүргізушіні тоқтату үшін міндетті түрде алатаяқ қажет емес», - деді ҚР ІІМ ӘКімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь ЛЕПЕХА.

Қалмұханбет Қасымов сонымен қатар, Солтүстік Қазақстанда, демек Петропавлға екпінін бұрған тасқын сумен күресу жағдайларында ұмыт қалдырмады. Нөсерлеп жауған жауын салдарынан су басқан Алматы және Алматы облысындағы халықтың мәселесін тілге тиек етті.

«Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстандағы жағдайға алаңдаулымыз. Қарағанды мен Ақмола облысындағы су ағыны Сергеевка су қоймасына жеткен. Деңгей қалыпты жағдайдан 138 пайызға артып отыр. Қойма арнасынан асқан су Петропавл маңында орналасқан ауылдарды басып қалған. Бүгінгі таңда 170 жуық үй су астында қалып отыр», - деді  ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Жоғарғы палатадағы Үкімет сағатында сонымен қатар, жүргізушілерді заңсыз тоқтату, жарықсыз жүргендерді алғаш рет ескерту мәселесі де қозғалды. Демек, жемқорлықпен күресу үшін арнайы видеотіркеуіш мен видеожетондарды қолдану кеңінен қолға алынған. Бүгінгі таңда біраз өңірлер толық қамтылса, кейбірі 30-40 пайызға жабдықталған екен. Комитет төрағасы Игорь Лепеханың сөзіне сенсек, енді мүмкіндігі шектеулі жандарға  арналған тұраққа  көлігін қойған жүргізушілер үшін  де айыппұл көлемін төмендету көзделіп отыр. Одан өзге, арнайы сызықтан байқаусызда 1 метр асып кеткен жүргізушілердің айыппұлы алдағы уақытта 5 айлық есептік көрсеткіштен 3 айлық есептік көрсеткішке түсуі ықтимал.

Айта кетейік, су тасқынынан Қазақстан жолдарына 300 миллион теңге шығын келген. Биыл өзеннің арнасынан асуы мен су шайып кетуі былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көбейіпті.