"Дос-мұқасан" - елу жыл елмен бірге. Аты аңызға айналған ұжым мерейтойын тап қазір дүркіретіп тойлап жатыр. Республика сарайында кеш ұйымдастарған топ - тыңдаушыларын жұрттың бойына шым-шымдап сіңген әндерімен қуантпақ.
Перизат, бұл кеште қандай әндер шырқалады? Тыңдаушыларды жаңа туындылармен қуанта ма?
¤Иә, Сая бұл думанды кештің жөні бөлек, жосығы ерек. 3 мыңға жуық көрермен әйгілі «Той жыры», «Ғашықтар әні», «Құдаша» әндеріне құлақ құрышын қандыратын болады. Әрі өткен ғасырға саяхат жасап, қала көшелерімен серуенге шықты. 50 жылдық тарихы бар ансамбльдің әуендерін эстрадамыздың жарқын жұлдыздары, жас таланттары жаңа сипатта орындады. Одан бөлек, тыңдарман бұрын-соңды естімеген жаңа әндерді тыңдайды.
Жарты ғасыр уақыт ішінде, ансамбльге 32 адам мүше болған. Қазір шоу-бизнес әлемінде өзіндік орнын тапқан - Ерлан Көкеев, Болат Құсайнов та дәл осы мектептің түлектері. Ән таңдауда талғамы биік Дос-Мұқасандықтардың атын сол кездері венгр студенттері қойған екен. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында ансамбль өмірімен біте-қайнаса жұмыс істеген жандардың бірі - Бақытжан Жұмаділов. Баяғы сал-серілердің жолын жалғастырған ол, өз мамандығының хас шебері еді.
Қазақ политехникалық институтының жанынан құрылған ансамбль сол кезеңде-ақ елді елең еткізгені рас. Ансамбльдің "Той жыры" әнінсіз бірде-бір той өтпейтін. Әлі де ол талай жұптың басқосуында шырқалады. Дос-Мұқасан ең бірінші кезекте ұлттық өнерімізді дәріптеп келе жатқан ұжым. Сол уақыттағы үлкен буынның кеште көптеп келуі сол себептен болуы керек.
¤- Жарты ғасырлық мерейтойын тойлап жатқан ансамбльдің тағы қандай жоспарлары бар?
¤Мерейтойлық кештің Алматыдан басталуының өзіндік себебі бар. Өйткені, 1970 жылы мәдени орталық іргесін қалаған уақытта аты мәшһүр «жасақ» алғашқылардың бірі болып осы өнер ордасында өнер көрсетіпті. Топтың негізі де алып шаһарда қаланған. Әлемге аты мәшһүр ансамбль концертпен еліміздің барлық өңірін араламақ. Одан басқа, шетелге шығуды да жоспарлауда. Мендегі бар ақпарат осы. Сая, тізгінді өзіңе бердім.
- Рахмет! Бізбен тікелей байланысқа шығып, әйгілі Дос-Мұқасан тобының концертінен хабар таратқан әріптесім Перизат Көмекбайқызы болатын.