Алматының Түрксіб ауданында жол көлік оқиғасы орын алды

22.02.2017 15:06

Сапасыз жасалған инженерлік құрылыс жұмыстарының салдарынан Түрксіб ауданында жол көлік оқиғасы орын алды. Оның үстіне, Сүйінбай даңғылы бойында пайда болған шұңқырға көлігі құлаған тізгінші мылқау болып шықты. Кембағал жігіт жағдайын түсіндіре алмай, темір тұлпарын тастап кете алмапты. Инженерлік жұмыстарды жүргізген мердігер компания оқыс жағдайдан кейін ғана төбе көрсетіп жолды қалпына келтіре бастаған. Оқиғаны куәгерлер арнамыздың уатсап нөміріне хабарлап айтты. Қолайсыз жағдайға тап болған азаматпен әріптесім тілдесіп қайтты.

30 жастағы Әсет Алматыдағы спорт академиясында білім алады. Талдықорған тумасы, әйелімен бірге Алматы облысы, Іле ауданында жалдамалы пәтерде тұрады екен. Тілінде мүкістігі бар кембағал жігіт, кеше Сүйінбай даңғылы бойымен келе жатып, мына шұңқырға түсіп кеткен. Салдарынан көлігі жөндеуге де келмей қалыпты. Осы маңда тұратын тұрғындар сапасыз жолдың өткен жылдан бері осындай күйге түскенін айтады. Оқыс жағдайға тап болған жігітке қолдау көрсету үшін олар жұмыстарынан да сұраныпты. 

Оқыс жағдай орын алғаннан кейін ғана төбелерін көрсеткен мердігер компания, жалма-жал жолды жөндей бастады. Олқылықтың орнын кешке дейін аяқтаймыз деп сендірді. Ал көлігі жарамсыз болып қалған Әсетке темір өтемақы ретінде 400 мың теңге беруге уәде берді.  

«Ол кісінің машинасының орнына алған қаражатының ақшасын қайтарып беретін болдық, болды. Восстоновить етіп береміз. Қыста жасалған декабрь айында. Бір шеті отырып кетті. Енді қазір жасап жатырмыз. Оның алдында да жасағанбыз. Әр жолы жасап жатырмыз деймін да. Потом қыста тоң, бәрі тапталмайды. Көктемге дейін осылай болады»,- деді Мердігер компанияның прорабы, Қияқбай АСАУБАЙ.

Мердігер компанияның жұмысшылары аталған аумақта жөндеу жұмыстары көктемге дейін жалғасатынын мәлімдеді. Бұл аумаққа, инженерлік желі жұмыстары жүргізілген. Әлі пайдалануға берілмеген желі, мерзімінен бұрын опырылып, көлік тізгіншілеріне қолайсыздық туғызуда. Тапсырыс беруші қалалық энергетика басқармасы екен. Ал көлігі жарамсыз болған Әсет қолдау көрсеткен жандарға зор алғыс білдірді. Қирандыға айналған темір тұлпарын утилизацияға өткізбек ойы бар.

Азамат Әуезхан, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Теги: ДТП