Дүниежүзінде бұрын-соңды болмаған диагностикалық орталық Алматыда бой көтереді

13.09.2017 в 21:48

Дүниежүзінде бұрын-соңды болмаған диагностикалық орталық Алматыда бой көтереді. Аталған ауқымды жобаны іске асырудағы тетіктерді қала басшысы Бауыржан Байбек пен «Medical Excellence Japan» компаниясының вице-президенті Кеничи Комацу талқыға салды. Жоспар бойынша аталған медициналық орталық соңғы заманауи техникалармен жабдықталып, онкологиялық ауруларды бастапқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді. Айта кету керек, Алматы мен Жапония арасындағы сауда-саттық көлемі жарты жылда 85 пайызға артқан. Бүгінде қалада бірлескен 14 және 21 жапониялық кәсіпорын тіркелген. Олардың арасындағы ең ірісі өткен жылы іске қосылған «Tokyo Rope Almaty» зауыты.


«Біз Алматыда жай ғана клиника емес, диагностикалық орталық ашқымыз келеді. Ол жерде онкологиялық ауруларды бастапқы кезеңінде анықтап, оны емдеу де қарастырылады. Бұл орталық ауруды емдеуге кететін қаржыны үнемдеуге біршама септігін тигізеді. Орталық әлемдегі ең соңғы технологиялармен жабдықталады. Қаржылай инвестиция мен технолгогияға құйылатын ақшадан бөлек, біз үшін жергілікті мамандардың біліктілігі де маңызды. Сондықтан оларды уақытша оқуға Жапонияға жіберу де қарастырылып жатыр», - деді «Medical Excellence Japan» компаниясының вице-президенті Кеничи КОМАЦУ.