Ауғанстанның астанасында болған жарылыстан 2 отандасымыз жараланған

01.06.2017 в 15:51

 Ауғанстанның астанасы Кабулдың орталығында болған жарылыс салдарынан зардап шеккен екі азаматтың бірі алматылық болып шықты. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, жерлестеріміз оқиға орнынан 500 метрде орналасқан қонақүйде болған. Азаматтардың екеуі де дене жарақаттарын алып, оларға тиісті медициналық көмек көрсетілген. Қазір жағдайлары бірқалыпты екені хабарланды. Сондай-ақ, теракт кесірінен сол арадан 2 шақырымдай жерде тұрған еліміздің елшілік ғимаратына да зиян келіпті. Қазір дипломаттар тағы да жапа шеккен отандастарымыздың бар жоғын анықтап жатыр. Айта кетейік, бүгін таңғы уақытта Кабулдың дипломатиялық алаңы саналатын, президент үйіне жақын маңда жарылғыш заты бар автокөлік жарылған болатын. Нәтижесінде 80-ге жуық адам ажал құшып, 300-дей азамат жараланған.

«1982 жылғы туған біреуінің басын, ал біреуінің 1991 жылы туған екіншісінің аяғын терезе әйнегінің сынығы жарақаттаған. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді. Қазір екі азамат қауіпсіз жерде. Олар біреуі Алматы тұрғыны, екіншісі Астана қаласының тұрғыны. Біреуі қазір әлі ауруханада жатыр. Кешке шығуы керек. Олар Қазақстанға ұшады»,- деді ҚР СІМ баспасөз хатшысы, Әнуар ЖАЙНАҚОВ.

 


Теги: терроризм