Құтқарушылар екі аптадай бұрын Қара Ертіс өзеніне екі баласымен бірге батып кеткен Шығыс Қазақстан облысы тұрғынының мәйітін тапты, деп хабарлады Sputnik-Қазақстан сайты өңірлік ТЖ департаментіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 29 шілдеде орын алған. Жергілікті имам суға батып бара жатқан 8 жасар ұлын құтқаруға тырысқан. Оларға үлкен ұлы – 19 жастағы жігіт те көмекке келеді. Алайда, үшеуін де су ағызып әкеткен.
Суға батып кеткендерді іздеу сол мезетте басталды. Баланың мәйіті 1 тамызда судан шығарылды.
«Кеше полиция қызметкерлері мен жергілікті 60 тұрғын өзенде іздеу жұмыстарын жүргізді. Олар ер адамның мәйітін тапты. Қазір 1999 жылғы жігіттің мәйітін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр», – деп жазылған хабарламада.
ТЖД мәліметінше, іздеу жұмыстарын қатты ағыс пен судың лайлануы қиындатып отыр.