Алматыда жол ережесі түнгі уақытта жиі бұзылады. Сондықтан, қас қарая тасжолда тайраңдайтын жүргізушілермен күрес күшейтіліп жатыр. Полицейлер арнайы рейдке шығып, тіпті кей аумаққа қайтадан «Крис Пи» қондырғысын қоя бастады. Нәтижесінде, бір тәулікте тек әл-Фараби даңғылының өзінде 80 жол ережесін бұзу дерегі тіркелді.
Жол ережесін бұзғандармен мықтап күресуді қолға алған полицейлер кешеден бастап қала көшелеріне қайтадан «Крис Пи» құралын орната бастады. Қондырғылар түнгі сағат 10-нан таңғы 6-ға дейін тасжолдағы тәртіпті бақылап тұрады. Жүргізушілер қондырғының нақты қайда орнатылғанын алдын ала біле алмайды. Өйткені, полицейлер олардың орнын күн сайын өзгертпекші.
Жылдамдықты асырғандарды анықтайтын құрылғы түнде әл-Фараби даңғылы мен Розыбакиев көшесінің қиылысына қойылды. Қондырғы магистаралды көше бойында желдей жүйткіген көліктерді бірден анықтап, ақпаратты компьютер арқылы жол полициясының орталығына жібереді. Сөйтіп, сақшылар бұл аумақтан бір түнде 80 жол ережесін бұзған жүргізушіні анықтады. Олардың қатарында мына темір тұлпар иесі де бар. Жасы 18-ге толған жеткіншек мемлекеттік нөмірсіз жылдамдықты асырып, ережені өрескел бұзған.
Ұмытшақтыққа салынып, нөмірсіз тізгінге отырған жүргізушіге полицейлердің жол ережесін қайта есіне салуға тура келді. Сөзге келместен, өз қателігін бірден мойындаған жеткіншек 12 мың теңгеден астам айыппұлмен құтылды.
«Әдейі емес қой, бауырым, қарсы бет емес, оның үстіне, біржақты қозғалыстағы көше», – деп наразылық білдірген көлік жүргізушісіне: «Иә, бірақ автобус жолағымен келе жатырсыз. Сізге әкімшілік хаттама толтырылады. Бұл жерде ештеңе деп ақталмаңыз, бәрі камерамен бақылауда тұр», – деп ескерту жасады тәртіп сақшысы.
Есесіне, Гоголь көшесінің бойында қателік жасап, сақшылардың көзіне түскен мына азамат өзінің кінәсіз екенін ұзақ дәлелдеуге тырысты. Болмаған соң, тіпті «бармақ басты, көз қысты әрекет жасап», полицейлердің көңілін табуға көшті. Алайда, біржақты қозғалыс енгізілген көшеде автобус жолағына шығуға қатаң тыйым барын айтқан жол полицейлері бұл жүргізушіні де аяған жоқ. Арада жыл өтпестен жол ережесін екінші мәрте бұзғаны үшін оған бірден 24 мыңнан астам айыппұл салды.
«Мен Семейден келдім, бірақ сіздерде жолдың барлығын біржақты етіп жатыр ғой. Содан қорқып келе жатқан едім онсыз да, қарасам, расымен де, біржақты қозғалыстағы көше екен. Бұрылғаным сол еді, оң жағымда да, сол жағымда да автобус жолағы тұр. Соны түсінбей қалдым. Бұл қалайша автобус жолағы деп көлігімді бұрған едім, енді қарсы бетке өтіп кетіппін. Бізде, Семейде мұндай нәрсе жоқ қой», – деп барынша ақталды көлік жүргізушісі Олжас КЕМБАТЫРОВ.
Өзге өңірден келген жүргізушілер көшедегі өзгерістерді білмедік десе, білетіндері де ережені елегісі келмейді. Енді түнде біржақты қозғалыс енгізілген көшелерде жылдамдықты асырып, тұрғындардың тыныштығын қашыратындар тезге салынбақ.
«Біржақты қозғалыс енгізілген көшелерде көбінесе, автокөлікті тиісті емес жерге қаңтару, сонымен қатар, жол сызықтарына бой бермей, қалай болса солай жүру әрекеттері орын алып жатады. Түнгі уақытта жылдамдықты асыра пайдаланып жүру – ең жиі кездесетін заңбұзушылық. Әсіресе, осы жолдың бойында орналасқан үйлердің тұрғындары қатты зардап шегуде», – деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Жол сақшылары бұдан өзге де заңбұзушылықтарды анықтауда. Өткен тәулікте бір ғана Шевченко көшесінде 43 жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Ал Достық пен әл-Фараби даңғылдарында 112 дерек анықталған. Ережені өрескел бұзғандардың қатарында тіпті, 2 жүргізушінің мас күйінде көлік тізгіндегені белгілі болды.
Айдана Мейрамбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы