Астанада 16 отбасы құрылыс компания өкілдерінің алаяқтығынан далада қалуы мүмкін

13.02.2018 01:31

Астанада 16 отбасы құрылыс компания басшылығының алаяқтығынан қыста далада қалуы мүмкін. Пәтер қожайындары құрылыс жұмыстарының басында жүрген маман 26 пәтерді бірден екі адамға сатып жіберген, дейді. Он үй қазір заңды иелеріне қайтарылғанымен, 16 отбасы әлі де өз үйі үшін соттасуға мәжбүр.

Сәуле Тәшімова «Аниса-1» тұрғын үй кешенінен 3 жыл бұрын екі бөлмелі үй сатып алған. Төрт баланың анасы баспана үшін сол кезде жиып-терген 16 миллион теңгесін түгелдей салған. Бірақ көп ұзамай, жылжымайтын мүліктің екінші қожайыны пайда болған.

«Пәтерді сатып алдым. Араға 2 жыл салып, үйдің екінші иелері пайда болды. Соттастық. Бірінші және екінші сотта олар жеңді. Бірақ Жоғарғы сот екі шешімді жоққа шығарды. Өйткені, менің үйіме көз салғандардың құжаттары жалған болып шықты. Осының бәріне құрылысқа жауапты Анарқұлов Нұржан кінәлі. Ол өз қоластындағылармен бірге алаяқтыққа барып, үй салынбай тұрып, ым-жымсыз сатып жіберген. Сосын құрылысты 25 жастағы Байжұманов Айдын атты азаматқа ештеңе айтпай, әрі қарай жүргізуге тапсырған. Жұмыстар біткесін, түк білмеген Айдын бізге сатқан», - деді пәтер иесі Сәуле ТӘШІМОВА.

Қазір аталған азаматтар темір торға қамалған. Нысандағы шиеленіскен жағдайға 4 жыл бойы өкілдік етіп келе жатқан Зекен Абраева Анарқұлов жалпы саны 26 пәтерді жасырын түрде саудалаған, дейді. Ең қызығы, екінші қожайынбыз дейтіндер тек сотта ғана жүздерін көрсетеді екен. Үйге келіп, ортақ шешім іздеп, тілдесуге қашқақтайтын көрінеді. Бүгінге дейін фемида шешімімен он баспана шын иелеріне қайтарылған.

«16 пәтердей шешілген жоқ. Мәселелері шешілмей жатыр олардың. Енді ол сот жүйесінде қос сатылымда тұр.  Мәселелерді сот жүйесі шешкеннен кейін, біз жаңадан ЖСК аштық. Тек қана құжаттары реттеу үшін аштық. 4-5 айдың ішінде біз құжатымызды қолымызға аламыз деп сеніп отырмыз», - деді «Аниса - 1» тұрғын үй кешенінің өкілі Зекен АБРАЕВА.

Ал жергілікті атқа мінерлер «Аниса-1» - дегі жағдайдан хабардар. Үлескерлер мен заңсыз құрылысқа ақшасын салғандардың жайын қадағалайтын ведомствоаралық комиссия өкілі құзырлы органдармен бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз, дейді.

«Бір үйді екі қожайынға сату фактісі тіркелген. Бұл әрекетке барған «Төленді» тұрғын үй құрылыс компаниясы. Қазір заңбұзышылық Ішкі істер министрлігінің бақылауында. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүруде», - деді Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының орынбасары Дәулет ДОСҚҰЛОВ.

Мәселені нысандарды қолған алған коммиссия мүшелері бүгінде Астанада 53 құрылыс алаңында жұмыстар тұралап қалғандығын жасырмайды. Бұл 10 мыңға жуық үлескер мен инвестордың түйіні әлі шешілмегендігін білдіреді. Жалпы, 2014 пен 2017 жылдар аралығында құрылысы қатып қалған 41 нысан әкімдік жанында құрылған комиссияның ықпалдасуымен соңына дейін біткен.