Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмай тұрмыс құрған қыздардың саны қанша?

17.08.2018 17:11

БҰҰ деректеріне сүйенсек, әдетте күйеу жігіт жасөспірім қалыңдықтан кем дегенде 10 жасқа үлкен.

Қазақстанда жыл сайын кәмелеттік жасқа толмағандармен 3 мыңдай неке тіркеледі, деп хабарлайды Sputniknews.kz БҰҰ-ның халық санағы қорына (ЮНФПА) сілтеме жасап.

Кәмелеттік жасқа толмағандар – 18 жасқа толмаған жасөспірім қыздар.

«БҰҰ-ның кластерлік зерттеу деректеріне сүйенсек, Қазақстанда әйелдердің 8%-ы алғаш рет ресми немесе ресми емес некеге 18 жасқа дейін тұрған, олардың 5%-дан астамы 15-19 жасында өздерінен кем дегенде, 10 жасқа үлкен ер-азаматтармен отау құрған», – деп хабарлайды ЮНФПА.

Зерттеу барысында анықталғандай, кәмелеттік жасқа толмаған келіншектер сексуалды, экономикалық, физикалық және эмоционалдық зорлық-зомбылыққа тап болады.

«Бізге әбден қиналып, тығырыққа тірелген қыздар хабарласады. Қоңырау шалып, күйеулерінен тығылып келіп жатады. Мүмкіндігімізше көмектесіп, дағдарыс орталығына жөнелтеміз, бірақ ол жерде ұзақ қала алмайды», – деп мәлімет берді қиындыққа душар болған әйелдерге жәрдемдесетін үкіметтік емес қауымдастықтың өкілі ұйымға.