Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің ғимаратына декоративтік жарық шамдары орнатылды. Сыртқы кескін-келбеті өзгерген музей енді түнгі уақытта өзгеше жарқырайды. Іргетасы 20 ғасырдың 80 жылдары қаланған музей қорында ұлттық музыкалық аспаптармен қатар, түркі халықтары, сондай-ақ әлемнің 34 елінің музыкалық мәдениетімен таныстыратын мыңнан астам экспонат бар. Үрмелі, соқпалы-шулы аспаптар залы, шеберлер, домбыра және қобыз, түркі халықтарының музыкалық мұрасы сынды барлығы 7 экспозициялық зал бар. Жарық шамдарын жағу шарасына қала әкімі де қатысты.
«Әрине, біз қаламызда мәдениетімізді, дәстүрімізді, бұрынғы аға буын салған нысандарды халыққа қайтадан көрсетіп, жаңғырту үшін түнгі жарықтандыру мәдениетін шешіп жатырмыз. Кеше ғана Астанада тұңғыш рет өткізген байқауда 53 музейдің ішінде бірінші орынды жеңіп алған осы музейді құттықтағым келіп отыр», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Қала әкімі сонымен қатар, Бауыржан Момышұлының ескерткіші мен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филормониясының сыртқы келбетін жарықтандыру шараларына да қатысты. Жалпы соңғы екі жылдан астам уақытта Алматыдағы 120-дан аса ғимаратқа түнгі жарықтандыру технологиясы қолданылған. Басты мақсат –түрлі-түсті жарықтарды көмескі түсіру арқылы бетке ұстар нысандарды ерекше қырынан көрсету және Алматы қаласының туристік тартымдылығын арттыру. Әр түрлі архитектуралық әдіспен жасалған және тарихи құндылыққа толы орындарды жарықтандыру жеке кәсіпкерлердің көмегімен іске асып жатыр.