1944 жылы Эстонияда қайтыс болған солдаттың денесі Алматыға жеткізілді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Эстонияны фашистерден азат еткен батырдың денесі Алматыға жеткізілді. Соғыста опат болған азаматтың Андрей Нагайцев екені анықталған. 1944 жылы қаза тапқан ол осы кезге дейін жоғалғандар санатынан алынбаған. Оның денесі өткен жылы Нарва қаласының түбінен табылды. Жауынгердің сүйегі  74 жылдан  кейін туған жеріне еріктілер арқылы жеткізіліпті.

Бұл қаралы марш 44-ші жылы Отанын қорғап опат болған Андрей Нагайцевтің құрметіне орай өтіп жатыр.  Араға 74 жыл салып, жауынгердің сүйегі өз жерінде қайта жерленді. Бұл сәтті оның жалғыз ұлы Александр ұзақ күтіпті. Толқыған ол бізге сұхбат бергенде әкесінің суретін қыса түсті. Ол сурет әкесінен қалған жалғыз көз.

«39-шы жылы Фин соғысына қатысқан. Ал 1941 жылы немістермен болған шайқаста Этония түбінде опат болды. Қандай жағдайда қаза тапқанын мен білмеймін. Осы кезге дейін біз оны жоғалғандар қатарына санап келген едік», - деді Александр НАГАЙЦЕВ.

Александр Нагайцевтің әкесінің Эстонияда қайтыс болғаны ғана белгілі еді. Өткен жылдың маусымында Нарву қаласына ресейлік іздеушілер аттанып, зерттеу жұмыстарын жүргізіпті. Тарих беттеріне көз салсақ, ол өңірде де сұрапыл  шайқас орын алып, фашистер мен ленинградтық фронт 9 ай бойы соғысқан. 

«Эстонияның Вайваро елді-мекенінде Қызыл әскердің 8 мүшесінің денесі табылды. Өкінішке орай, олардың біреуін ғана анықтай алдық. Әрине, алған медаліне қарап. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің мұрағатына сауал хат жазып, ордендердің нөмірі бойынша анықтадық. Нәтижесінде ол марапаттар Нагайцев Андрейге тиесілі болып шықты», - деді Front Line әскери-тарихи қоғамының өкілі Андрей ЛАЗУРИН.

Еріктілер  сауалдарына жауап алған соң, батырдың туыстарын іздей бастаған. Ғаламтор арқылы тауып, белсенділердің көмегімен өз отанына жеткізілді. Бұл шараларға жарты жыл уақыт кеткен екен. Аараға 74 жыл салып, Андрей Нагайцевке құрмет көрсетіліп, Алматыда жерленді. Ал батыр алған ордендер жалғыз ұлына табысталды.


Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, "Алматы" телеарнасы



Новости партнеров