Алматыда қоқыс тазаламаған пәтер иелері кооперативтері жауапқа тартылды

Алматыда қоқыс тазаламаған пәтер иелері кооперативтері жауапқа тартылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Алмалы ауданында бірнеше пәтер иелері кооперативтері жауапқа тартылды. Олар үйлердің маңын құрылыс қалдықтарына толтырып, жайбарақат жүргендері үшін жазаланды. Қоқысты шығаратын көлікке бүгін ғана тапсырыс бердік деп сылтау айтқандарды экологтар жазалады. Енді оларға қомақты айыппұл төлеуге тура келеді. Жалпы былтыр қанша хаттама толтырылып, айыппұл салынды?

Бүгін тұтқиылдан тап берген бір топ табиғат жанашырларын "Мамыр-7" пәтер иелері кооперативі күтпесе керек. Қобырсыған қоқыс неліктен үйіліп қалғанын жөнді түсіндіре алмады. Түрлі сылтау айтқандар мына тұрғын үйде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Бірақ олар құрылыс қалдықтарын уақытылы шығаруды қалтаға салмақ салады деп шешкен. Өйткені, пәтер иелері кооперативінің әр тиынының өз есебі бар дейді инженер.

«Қоқыс қалдықтары болады. Мен оның барлығын қалтама салып жүрмеймін ғой.  ПИК-тің әр бір тиыны есепте. Ол бір-екі мүшекпен шығаруға ондай мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан осылай жиналады. Содан кейін шығарамыз», - деді Инженер Жанат ҚАҢТАРБАЕВ.

Маңайдың барлығын таудай қоқысқа үйген пәтер иелері кооперативіне 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 48 мың 100 теңге айыппұл салынды. Себебі, оның қарамағындағы бірнеше үйдің де алдында қоқыстан көз сүрінеді. Тұрмыстық қалдық бір күнде жиналды деген уәжге экологтар келіспеді. Ескерту айтып шаршаған табиғат жанашырлары жағдай тағы да қайталанса қатаң шара қолданады. Ал, бұл Алмалы ауданындағы «Аслан», «Ануар» пәтер иелері кооперативі. Бірақ тексеруге келгендерге бүгін есік жабық.

«ПИК-нің жұмысын қадағаладық. Аулалардың барлығы таза емес. Барлығы қоқысқа толған. Қазір мында екі ПИК шақырып, айыппұл салып жатырмыз», - деді Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы қоршаған ортаны және экологияны қорғау бөлімінің басшысы Қайрат ТОҚТАСЫНОВ.

Былтыр экологтар табиғатты қорғау полициясы қызметкерлерімен бірге қаланың көркін бұзғандарға 4600-ден аса хаттама және 2500-ге жуық ескерту жасаған. Оларға 105 миллион теңгеге айыппұл салды. Жыл басталғалы бері қалада тазалық шараларын сақтамаған заңды және жеке тұлғаларға қатысты 10 хаттама қабылданып, 5 ескерту жасалды, бұған қоса 370 мың теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров