Ел азаматтарының түрлі деңгейдегі қаржы ұйымдарына қарызы 12 трлн теңгеге жеткен

23.04.2018 в 14:10

Несиелік қарызын қайтара алмайтындар халық арасында күрт көбейіп кеткен. Жалақыға жеткенше жоғын түгендеу үшін тұрғындар  15 минутта  қарыз беретін компанияларға жүгінеді. Бірақ алғанын айлықтан соң да қайтаруға қауқары жетпейтін халық қарызға белшеден батып жүре береді. Соңғы бір жылда  40 млрд теңгені үлестірген несиелеу мекемелері таратқан ақшадан пайда көрмек түгілі, тұтынушыларын таппай қалған.  Аз уақытта беріліп, артынан қайтарылмайтын ақшаның айналасындағы дау мәжіліске де жетті. 

Өзін Ғани деп таныстырған алматылық азамат қарызға белшесінен батқан. Қаржы жағынан қысылғанда шағын несие беретін жеке компаниядан алған аз ғана ақшасы бір айда бірнеше есе өсіп шыға келген. Қарызды қарыз арқылы жаппақ болған жігіт  қазір жылдам ақша беретін офистерге жұрт жоламаса дейді. Өйткені пайыздық мөлшері көп несиеден опық жеген жандар көбейіп, мен сияқты жоспарынан жаңылып жүр дейді. 

«Қиын-қыстау кезеңде, қаржы керекте жарқылдаған «тез арада қарыз» береміз деген жарнама көзге түсті. Амалсыздан пайыздық мөлшері өте жоғары жерден ақша алдым. Оларда алған соманың айлық өсімі 3 пайыздан басталды. Бұл жылдық пайыздық мөлшерге шаққанда 1000 пайызға тең екен. Осындай мен сияқты ұрынған қарапайым адамдар төлей алмай жүр. Бұндай компаниялар адамды тыңдағысы келмейді. Қарызды төлмегенше, қорқытып, үркітіп болады. Шағын ниесе компанияларынан қаржы алмаған жөн», - деді Ғани.

Қазақстан аумағында 2 мыңдай шағын несие мекемелері бар. Бұл берешек берген ұйымдардың былтырғы көрсеткіші ғана. Жоғары пайызбен жұрт қалтасын тонайтын мекемелердің тек 200-ден астамы ғана Ұлттық банкке белгілі. Жылдам ақшаны жоспарсыз жұмсап, жан-жаққа несиелеген жеке компаниялардың  ақша көлемі 110 млрд теңгеге жеткен. Ал биылғы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша көрсеткіш бірден 71%-ға өскен. Қаржының тілін білетіндер бұндай жағдайға мемлекеттік басқарудағы олқылық себеп дейді.

«Жариялылық жоқ. Ашықтық жоқ. Олар қайсысы, қалай әрекет жасап жатқанын мониторниг жасап жатқан ешкім жоқ. Мысалы, Ұлттық банк екініші деңгейдегі банкпен қатты. Қадағалау жасап, жұмыс жасап жатқаны түсінікті. Ал толып жатқан микрокредиттік компаниялармен олардың жайы жоқ», - деді экономист Жангелді ШЫМШЫҚОВ.

Екінші деңгейлі банктердің несиелеудегі  ең жоғары жылдық пайыздық мөлшерлемесі - 56 пайызға бірақ жеткен.  Ал шағын несие ұйымдарының мөлшерлемесі дәл осы көрсеткіштен 13 есе артық. Аз уақытта адамды қап-қап қарызға көміп тастайтын компаниялар құтыла алмаған халық амалсыз қулыққа, заң бұзушылыққа барады. Ушығып тұрған мәселені мәжілісте көтерген депуттар  «Жеке тұлғалардың банкроттық мәселесі» атты заңды қолға алды. Өйткені  ел азаматтарының  түрлі деңгейдегі қаржы ұйымдарына  қарызы 12 триллион теңгеге жеткен.

«Әрине, заң жобасында көзделіп отырған үлкен бір мәселе - ол қарыз алған адамның ешқандай да алдамшылыққа бармай, мүмкіндігінше таза жолменен, сол қарызды өтейтіндей, реабилитациядан өтіп, тәсілдерді қолданып, ертеңгі мүмкіндіктерді арттыру», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Омархан ӨКСІКБАЕВ.

Өзімізден өзгеге көз салсақ, Ресейдің Орталық банкі шағын несие ұйымдарының жұмысын реттеуді қатаңдатпақ. Көрші ел қаржылық реттеушісі қарыздың бір күндік пайыздық мөлшерлемесін 1,5%-дан асырмауды жоспарлауда. Ал 2019 жылы аталған мөлшерлеме 1%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Бұндай бастама бізде де қолға алынбаса, қазақстандықтар арасында онлайн-несие түрінде жеткен 40 миллиард теңге қарыз сомасы әлі де азаймауы мүмкін.