Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Челябинскіде өткен өңір-аралық 14-ші форумға қатысты. Онда Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелерін және оны дамыту келешегін талқылады. Әсіресе, білім беру, денсаулық салаларына басымдық берілді. Халықаралық стандарттарға сай білім беру мазмұнының жаңартылған нұсқасына кезең-кезеңімен көшу, заманауи, интеллектуалдық мектептерді ашу, 3 тілді оқыту жүйесі, тегін техникалық-мамандандырылған білім беру мәселелері егжей-тегжейлі айтылды. Бұл бағытта еліміз Қазақстанның үшінші жаңғыруы бағдарламасы бойынша жұмысты бастап та кеткен. Елбасы өз сөзінде елімізде жоғары сұранысқа ие ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мүмкіндігі қарастырылатынын айтты.
«Біз 14-ші өңіраралық форумда бас қосып отырмыз. Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы - екі елдің экономикалық ықпалдастығының негізі болып табылатыны сөзсіз. Осы күнге дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аймақтарымыз бірі-біріне жақындай түсті. Өңір басшыларының кездесулері өтіп жатыр, түрлі экономикалық-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мұның бәрі екі елдің дамуына зор ықпал етеді. «Адами капиталдың дамуына» арналған форумның дәл осы Челябинскіде өтіп жатқаны да бекер емес. Өйткені 2005 жылы 2-ші форумды өткізу кезінде біз жыл сайын осында жиналамыз деп келіскен едік», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Жиында денсаулық саласы төңірегінде де біраз әңгіме қозғалды. Медициналық туризм, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін айтпағанда, екі елдің бірлескен жобаларын іске асыру қажеттігі ескерілді. Нұрсұлтан Назарбаев бұл бағытта қарым-қатынасты нығайтып, тәжірибе алмасу керектігіне ерекше назар аударды. Тағы бір жаңашылдық, медициналық білім беру сапасын жақсарту мақсатында мемлекеттерде университеттік емханалар мен академиялық медорталықтарды құру бойынша жұмыстар басталған.