Ерен еңбек еленбек!!! Халық үшін қастерлі мереке қарсаңында мемлекет басшысы ел дамуына үлес қосқан бір топ азаматты марапаттады. Төсбелгілер тақты. Бар өмірін ғылым саласына сарп еткендердер мен түрлі образдарды сомдап ерекшеленген әртістер де осы тізімнің төрінде. Ақжағалы шенеуніктер де Президент назарынан тыс қалмады. Қоғамды ілгерілетуге ат салысқан азаматтарды марапаттау рәсіміне астаналық тілшіміз Айжан Шамшидинде куә болып қайтты.
Сәні мен сымбаты келіскен Ақордаға жиналғандардың көңіл-күйі көтеріңкі. Санаулы минуттардан соң Елбасының қолынан мемлекеттік наградаларды иеленеді бұл азаматтар. Тынымсыз еңбек пен төгілген тердің жемісі бұл. Мемлекет басшысы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында 53 адамға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын берді. Ал құрмет грамотасымен 539 адам наградталды. Елімізде әр азаматтың ашқан жаңалығы, тер төккен жұмысы қашанда бағаланары хақ екендігін Нұрсұлтан Назарбаев тағы дәлелдеді.
«Марапат иелерінің қосқан үлесі орасан зор деп санаймын. Сіздер өнегелі істеріңізбен өзгелерге үлгі болып көпшілік құрметіне бөленіп келесіздер. Өздеріңіз де өздеріңіз жұмыс істеп жатқан ұйымдарды да әйгілеп келе жатқан азаматтарсыздар»,- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық «Әй дүние-ай» романының авторы, жазушы Бексұлтан Нұржекеев пен «Құнанбай» фильмінің авторы Досхан Жолжақсыновқа табысталды. Режиссер әрі басты рөлді сомдаған актер бұл ұжымдық жеңіс екендігін атап өтті.
«Қаймана қазақ! Айналайын. Қасыңда жүргеннің қашанда қадір-қасиетіне бар. Махамбет айтқандай «тірісінде сыйласпаған, ағайын, құм құйылсын өлгеннен соң жылама». Сондықтан, еңбегіміздің жанған күні»,- деді Актер, Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ.
Ғалымдар мен актерлерден бөлек атқамінерлер де Елбасының қолынан марапаттар алды. Министрлер кабинетінен Тамара Дүйсенова мен Арыстанбек Мұхамедиұлы, Жоғары сот төрағасы Қайрат Мәми, экс премьер Кәрім Мәсімов, Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов те осы тізімде. Биік мінберде жүретін шенділердің өзі Президент алдына барып, марапат алғанда қобалжуларын жасыра алмады.
«Тәуелсіздігіміз бұл - ең үлкен тұғырлы мерекеміздің бірі. Осы мерекеде Елбасының қолынан награда алу әрине әр адам үшін бұл ең үлкен бақыт. Сондықтан мен де, наградама қуанып тұрмын, Елбасыма үлкен алғысымды білдіремін»,- деді ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі, Тамара ДҮЙСЕНОВА.
Экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық саланың ең үздіктері «Барыс», «Парасат», «Құрмет», «Еңбек даңқы», «Айбын» ордендерімен марапаталды. Ерінбей еңбек ету елдің тұрақты дамуы үшін қажет. Ал сол еліңнің атынан марапат алу еңбекті елеу, атқарып жатқан жұмысқа ынтаны күшейту.
Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы Астанадан