Елбасы Джордж Кролмен кездесті

Елбасы Джордж Кролмен кездесті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ресми сапары қарсаңында Құрама Штаттардың Қазақстандағы елшісі Джордж Кролмен кездесті. Мемлекет басшысы елшіліктің республикамыз бен АҚШ арасындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытуда ерекше рөл атқаратынын айтып, бірге қол жеткізген стратегиялық серіктестіктің басым бағыттарын одан әрі дамыту жайында айтты.

«26 жыл ішінде екі ел арасында өзара достық қарым-қатынас орнап, 70-тен астам мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық келісімге қол қойылды.  Қазақстанда Америка капиталының қатысуымен 500-ге жуық компания жұмыс істейді, солардың 140-тан астамы  бірлескен кәсіпорындар. Олар тауар өндіріп, өнімдерін басқа нарықтарға  экспорттаумен айналысады», - деді ҚР-ның Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Кездесу барысында Джордж Крол Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық қызметіне жоғары баға бергені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, Қазақстан Президентінің алдағы сапары екі мемлекет арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді.

«Қазақстан Президентінің Америка Құрама Штаттарына сапары қарсаңында мен Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестім. Вашингтон мемлекет басшысын асыға күтіп отыр. Бұл Дональд Трамптың шақыруымен өтетін алғашқы ресми іссапар болмақ. Күн тәртібінде екіжақты қарым-қатынасты дамыту мәселелері талқыланады. АҚШ Қазақстанды қадірлеп, құрметтейді. Сондықтан, бұл сапар ынтымақтастықты кеңейтіп, бекемдей түспек», - деді Қазақстандағы АҚШ төтенше және өкілетті елшісі Джордж КРОЛ.

Новости партнеров