Елбасы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты қабылдады

27.11.2017 21:57

Дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеу және фармацевтика саласындағы жемқорлықпен күрес жүргізу мәселелері жіті назарда болуы керек. Себебі препараттар құнының өсуіне шарт жасасудағы заңнан тыс әрекеттер тікелей әсер етеді. Президенттің бағаны реттеу тапсырмасынан кейін «Фармация» комитетінің төрағасы, «СК-Фармация» компаниясының басшылығы және бес облыстың басқарма басшылары ұсталған болатын.

Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты қабылдаған мемлекет басшысы азаматтардың денсаулығына жіті көңіл бөлу қажеттігін жеткізіп, саламатты өмір салтын ұстану қағидатына тоқталып, нақты бірқатар тапсырма жүктеді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың орташа өмір сүру деңгейі 80 жасқа жетуі тиістігін қаперге салды.

«Барлық көрсеткіштер бойынша бізде жағдай қалыпты. Адамның өмір сүру жасы ұзарып келеді. Ал ана мен бала өлімі төмендеп жатыр. Туберкулез бойынша да жағдай қалыпты. Қазір біз емдеудің жаңа әдістерін енгізіп жатырмыз. Диагностикалау шаралары мен онкологиялық орталықтарды құрудың нәтижесінде, бізде өлім көрсеткіші төмендеді. Керісінше, оқыс жағдайлар мен улану бойынша өлім-жітім көрсеткіші жоғары», - деді  ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.