Елбасы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған үндеу жолдады

01.06.2018 01:35


Бүгін қазақстандықтар саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт арыстарын және нәубет жылдары ашаршылықтан қырылған құрбандарды еске алды. Осы қаралы күнге орай Мемлекет басшысы арнайы үндеу жолдады.  ХХ ғасырда халқымыздың басынан өткен қасіретті оқиғалардың түп-тамыры мен себептері неде екенін терең түсінуіміз керек дей келе, Нұрсұлтан Назарбаев Қазан революциясынан кейін қазақ халқының дәстүрлі өмір салты күйрегенін, ұжымдастыру нәтижесінде келген жұт  ашаршылық елдің дамуын күрт тежегінен айтқан.


«1929-1933 жылдары 2 миллионға жуық адам қаза болып, тағы миллиондай адам жан сауғалап, елден босып кетті», - деді Елбасы.


Бұдан кейін саяси репрессиялар басталғаны мәлім.


«Саяси себеппен 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді. Қазақстан аумағында 11 жазалау лагері құрылып, онда сотталғандар мен олардың отбасылары адам төзгісіз қиын жағдайда күн кешті. Тарихымыздың осы ащы тағылымы оны Қазақстанның қазіргі ұрпағының жадына тоқып, зердесіне түйе білуімен құнды болмақ. Өткен ғасырдың қасіретті кезеңдерін енді ешқашан қайталамау үшін біз бүгінгі жетістіктерді, бүгінгі бірлікті бағалай білуге тиіспіз», - деді Президенті.