Елбасы ұшақ апатына байланысты Ресей Президентіне көңіл айтты

27.12.2016 16:30

Қазақстан Президенті Қара теңізге құлаған ұшақ апатына орай Ресей халқына көңіл айтты. Нұрсұлтан Назарбаев  Қазақстан халқы мен жеке өзінің атынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарының, сондай-ақ барша Ресей халқының қайғысына ортақтасты. Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі жексенбі күні таңертең Ту-154 ұшағының радардан жоғалып кеткендігін хабарлаған еді. Қорғаныс министрлігі ұшақтың сынықтары Қара теңіз жағалауынан 1 жарым шақырым қашықтықта, 50-70 метр тереңдікте табылғандығын мәлімдеді. Әскери ведомствоның берген мәліметінше, ұшақтың бортында 93 адам болған - сегіз экипаж мүшелері мен 85 жолаушылар. Барлығы қаза тапты.


Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ  Владимир Путинмен бірге Санкт-Петербург қаласында Ресейдегі дәрі-дәрмек шығаратын толық циклды жетекші инновациялық компания «Биокад» жабық акционерлік қоғамына барды. Кәсіпорын клиникалық зерттеулер жүргізу кезінде математикалық моделдеу қағидаттарын пайдаланады, ол дәрі-дәрмекті қолданудың тиімді тәсілін таңдау ықтималдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Одан бөлек,  елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Владимир Путинмен бірге радиацияға төзімді трансфокатор объективтерін шығаратын кәсіпорынға барғаны хабарланды. Компания  трансфокатор объективтерін шығаратын әлемдегі екі кәсіпорынның бірі.