Маңызды салаларды цифрландыру еліміздің дамуына қаншалықты әсер етеді? Аталмыш салаға құйылған қаржы өзін-өзі ақтай ма? Дәл осы сауалдар Астанада «Цифрландыру» бағытында өткен кеңесте сөз болды. Отандық өнертапқыштардың жұмысымен танысқан Елбасы осы саладағы маңызды бағыттарды атап өтті. Демек, мемлекет пен жеке мекемелер арасындағы байланыс жолға қойылуы тиіс. Әрі, шетелдің әлеуметтік желілерін ойлап тапқан мамандардан үлгі алу керектігін айтты. Әрбір қазақстандық смартфонды қолдана білуі тиіс. Ал Ресей тарапы сандық экономикаға бірге көшуді ұсынып отыр.
«Экономиканың әрі қарай тұрақты дамуы цифрлық технологияларды дамытумен тікелей байланысты екенін түсінуіміз қажет.Кеңес Үкіметі тұсында біз Батыстан біраз кейін қалып қойдық. Оның себептері сан алуан. 25 жылдың ішінде бәсекеге қабылетті 50 мемлекет ішіне ендік. 2050 жылға дейін 30 дамыған елдің қатарында болу тиіспіз. Ал ол жаңа инновациялық технологияларды дамыту, экономика деңгейін көтеру арқылы жүзеге асады. Сондықтан осы салада жақсы мамандар даярлап шығару басты міндеттердің бірі», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Президент ұсынылған жаңа жобаның кемші тұстарын байқады. 251 млрд теңгені талап ететін бағдарламаның қайтарымы жоқ болып шықты. Отандық компаниялар ел қазынасына түсетін пайданы санамапты. Осыған орай, бағдарлама қайта қаралуға жіберілді. Цифрландыру бағытын дамыту бәсекелестік қабілетті арттыра түспек. Айта кеткен жөн, Елбасы шара басталмас бұрын, IT саласында арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкені аралап өтті. Онда 30-ға жуық отандық мамандар өз жұмыстарын ұсынған.