Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс өзгелер үлгі тұтатын «көршілік» қарым-қатынасқа айналды. Қытай халық Республикасына мемлекеттік сапарға аттанған Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар жаңа келісімдерге қол қойды. Екі жақты кездесу барысында жеңілдетілген несие, ядролық материалдарды заңсыз өткізуге тосқауыл қою, электрондық сауда, кеден бекеттерінде карантинді ветеринарлық әрі санитарлық қауіпсіздікті қалыптастыру бағыттары бойынша біраз мәселе қаузалды.
Өткен жылғы көктемдегі жүздесуден кейін, биыл қайта бас қосқан екі ел көшбасшысы бұл жолы да маңызды мәселелерді тілге тиек етті. Кездесу Бейжіңдегі Мао Цзедун кесенесіне қарама-қарсы орналасқан «Тяньаньмэнь» алаңындағы «Халық бас қосатын» үй ішінде өтті. Мәліметке сүйенсек, аталмыш ғимарат небәрі 9 айдың ішінде еріктілер көмегімен бой көтерген. Нұрсұлтан Назарбаев кеңсеге ойысқаннан кейін, Си Цзинпьнды жоғарғы мемлекеттік шенге қайта оралуымен құттықтап, екі ел арасындағы байланысты сөз етті.
«Біздің қарым-қатынас өзгелерге шабыт беріп келеді. 2012 жылдан бері біз 18 рет кездесіппіз.Бұл дегеніміз екі жақты байланыстың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Яғни әрі қарайғы қадамдарға жол ашып отыр.Осы уақыт аралығында 67 млрд долларды құрайтын 127 келісім-шартқа қол қойыппыз»,-деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Аспан асты елі басшысының көңіл-күйі көтеріңкі болғандай. Тіпті, ерекше ілтипат білдіріп, жүзінен жылы шырай үзілмеді. 21 ғасырдың ең ірі жобасы «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында іске асып отырған маңызды қадамдарды атап, екі арада сенімнің нығайып келе жатқанына ерекше назар аударды.Осы тұста айта кетейін, аспан асты елі Қазақстандағы экологиялық таза өнімдерге сұранысын арттырды. Си Цзиньпинь сонымен қатар, энергетика, мұнай - газ кешендері, жаңа технологиялар мен цифрландыру, мәдени-гумманитарлық қатынасқа да жіті көңіл бөлу керек екенін атап өтті.Тобықтай түйініне келсек, екі тарап кедендік қатынасты реттейтін, ядролық матералдарды заңсыз өткізуге тыйым жасайтын, жеңілдетілген несие, қаржы мен электрондық сауда саласын қамтитын 9-ға жуық құжатқа қол қойды.Нұрсұлтан Назарбаев Қытай экономикасын көтеруге бағытталған бұл жиында парламент қолдауымен қайта сайланған премьер-министр Ли Кэцянды да құттықтады.
«Қытай алдында үлкен міндет тұр.Біз дос ел ретінде әрдайым кез-келген бастамаларға қолдау көрсетуге даярмыз.Саяси және экономикалық қатынас бүгін жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Сондықтан екі ел арасындағы байланыс барынша тиімді болуы тиіс»,-деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Қытай халқы Қазақстан Президентін «Батырға» теңейді. Мұндай пікірмен бүгін аталмыш ел парламентінің басшысы Ли Чжаньшу бөлісті. Маңызды құжаттарға қол -қойылып, иықтан біраз жүк түскеннен кейін Елбасы Қытай шенділерімен жүздесіп, жылы лебіздерге кенелді.Бүкіл қытай халық өкілдері жиынының төрағасы Қазақстан Парламентінің басшыларына сәлемін жолдады.
«Бізге Сіздің орныңыз ерекше.Мен үшін ең сыйлы мемлекеттік қайреткердің бірісіз.Танымалдығыңыз жер асып жатыр. Атыңызды әрбір қытай халқы біледі десем артық айтпағаным.Өз елімізде сізді сыйлағандықтан «Құрметті Әбішұлы жолдас» дейміз.Мүмкіндікді пайдалана отырып, Мәжіліспен Сенат спикері Тоқаевпен Нығматулинге сәлем жолдағым келеді»,-деді ҚХР бүкіл қытай халқы өкілдері жиыныны Тұрақты комитетінің төрағасы Ли ЧЖАНЬШУ.
Сонымен қатар шара аясында екі ел көшбасшыларына Қазақстан мен Қытай бірігіп түсірген «Композитор» фильмінің үзіндісі назарға ұсынылды. Кино желісі сонау Ұлы Отан соғысына жетелеп әкетеді. Оқиға Қазақстанда ғұмыр кешкен танымал композитор Сянь Синхай мен Бақытжан Байқадамов арасындағы достық төңірегінде өрбиді. Басты рөлдерді Қытайдың белгілі актеры Ху Цзюнь, Юань Цюань, Цзюй Сюе мен Қазақстандық актер Берік Айтжанов сомдаған. Бұдан бөлек, Си Цзиньпинь бастаған топ қытай халқының батырларына гүл шоқтарын қойып, аспан асты елінің алпауыт кәсіп иелерімен жүздесті.
Назым Мәлікқызы, Дәурен Зарипов, Алматы телеарнасы. Президент
Телерадиокешені көмегімен.