Елбасының текті мінезі қазақ ұлты мен бүтін бір елді алға сүйреп келеді. Мұны Нұрсұлтан Назарбаевты бала күнінен білетін мұғалімдері мен сыныптас достары айтады. Өмірде қаншама рет әділетсіздікпен бетпе-бет кездескені, оны президент болуға жетеледі. Жалғыз өзін емес, барша қазақ елінің ұлы мұратын арқалап отырғандығы ақиқат. Тарихи тұлғаның бала бейнесі қандай еді?
Кім ойлаған?! Дәл осы мектептен түлеп ұшқан бала Сұлтанның ертең елбасы болатынына. Оның жастайынан зеректігін аңғарған үзеңгілес достары мен ұстаздарынан артық ешкім айтып баға бере алмас. Бұл Қаскелеңдегі ғимарат қазір мұражай күйінде сақтаулы тұр. Ал бұл партада елбасының өзі отырыпты.
Нұрсұлтан Әбішұлының ұстазы, 101 жасқа қадам басқан Сейітхан Исаев бала Сұлтанның бойында туа бітті дарындылықтың бар екенін әу баста-ақ аңғарған. Тал бесіктен бастап көрген тәрбиесі мен білімділердің қатарында болғысы келген оның ұлы мұраты - бүгінде мақсатына жеткізді. Оқуда бұл баланың озат болғанына ешкім күмән келтірмесін, дейді мұғалімі. Аттестаттағы орыс әдебеиетінен көрсетілген жалғыз төрттік баға, сол замандағы әділетсіздік деп біліңдер, дейді. Сондағысы, диктантта бір үтірдің артық қойылып кеткендігінің кесірінен күміс медальді бермеудің амалы табылыпты. Сөйтсе, бұл жай сылтау болса керек. Мұндай шешімге келіспеген мектеп директоры Байжанов министрілікке дейін өкпесін жеткізіпті. Сондағы естіген жауабы мынау болыпты.
«Әбеке оны бізде ойлап отырмыз. Бірақ мұның бір кандидаты боп тұр. Сіз осы мәселені көтермей-ақ қойсаңыз қайтеді? Әкесімен сөйлесіп, кішкене ашулы болмасын. Осы медальді бір адамға белгілеп қойған едік. Сөйтсе, ол совет министрлігінде істейтін біреудің баласы екен. Әділетсіздік деген әр уақытта бар ғой балам. Күміс медаль Нұрсұлтандыкі еді», - деді Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстазы Сейітхан ИСАЕВ.
Әйтсе де бұл әділетсіздік бала Сұлтанның сағын сындырмады. Өйткені, оның бойында үлкен сабырлық танытып, асығыс шешім қабылдамайтын мінезі бар. Оны үзеңгілес достары да жақсы біледі. Ұр да, жық теріс әрекет көрсетпегенін тағы да бір естеріне түсірді. Алғырлығын айтпағанда, ар-намысты биік қоятын Нұрсұлтанның да комсомол комитетінің секретары болуы да бекер емес.
«Ол барлық жағынан алдында. Үлгерімі, тәртібі, ұйымдастыру қабілеті де, өнерпаздығы да. Сондықтан біз оны комсомол комитетінің секретары етіп сайладық», - деді Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасы Сайлаубек ҚЫДЫРӘЛИЕВ.
Нұрсұлтан көптің көзінше адамның жеке басының кем-кетігін сынға алып бетке баспайтын еді, дейді тағы бір сыныптас досы. Оған қоса, өзге ұлттың өкілдерін алаламай, бөліп жарудан ада болған. Бала күніндегі бұл мінезі - бүгінгі көпұлтты этностың арасына жік салдырмай келе жатқанының бір көрінісі болса керек. Әйтсе де, коммунизмді жырлай беретін ұстаздарға, қазақтың да тарихын түртіп отырсаңыздар қайтеді екен деп ескертпе жасайды екен.
«Тарих дегенде көбінесе сондайға мән беру керек. Мұғалімдердің өзіне кейде айтып қалатын. Бізде жалғыз коммунистік партиядан шыққандарды ғана айта бересіздер, біздің өзіміздің ішімізден шығып жатқан кісілер бар емес пе?», - деді Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасы Болатжан МҰСТАФАЕВ.
Бұл мектепте ескеретін ерекше дүние бар екен. Мәселен, жоғары сыныптың оқушылары өз сыныптарына өтуі үшін әуелі төменгі сыныптар арқылы жүреді екен. Осылайша үлкендер кішілердің алдында ұятқа қалмас үшін барынша кешікпеуге тырысады. Бұл да сол заманның тәрбиесінің көрінісі болса керек.
Мектеп қабырғасынан тектілігін танытып үлгерген «бала Сұлтаннан бір нәрсе шығады» деген Сейітхан ұстаздың ақ адал ойы оны алдамапты. «Ұстаздан шәкірт озатындығын» өз заманымда көргеніме арманым жоқ, дейді ақсақал. Ұлттың ұяты болған Әлихандардың ұрпағы, міне осылай алаштықтарды жер жаһан жар салып танып жатса-қой үстінде бозторғайдың жұмыртқалаған заманы болмай немене?!...
Әйкерім Ердәулетқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы