Елдегі барлық қалалық автобустар қатаң тексерістен өтіп жатыр

06.02.2018 02:00

Ақтөбе облысында орын алған төтенше жағдайдан кейін, елдегі барлық қалалық автобустар қатаң тексерістен өтіп жатыр. Қостанай облысында бұл шара өткен жылдың желтоқсанынан бері жүргізілуде. Жол сақшылары көлікті толық тексеріп, дәрі қобдишасының, өрт сөндіру құралы мен құжаттарының болуын қадағалауда.

Жол сақшылары көліктің барлық түрін қатаң тексеріп жатыр. Арнайы рейд ұйымдастырылған 9 күннің ішінде мыңнан аса жол көлік ережесін бұзу дерегі тіркеліп, темір тұлпарын мас күйінде айдаған 31 тізгінші анықталыпты.    

«Азаматтарға қоғамдық автобустарда ыңғайлы әрі қауіпсіз болуы керек. Төтенше жағдай орын ала қалған жағдайда, мысалы, өрт болса, қоғамдық көлікпен қатынайтын жолаушыларға алдымен алғашқы медициналық көмек көрсетілуі тиіс. Осы орайда «Автобус» арнайы шарасы ұйымдастырылды», - деді Қостанай облысы жол-патрульдік полициясының қызметкері Әсет ЕРҒАЛИЕВ.

Өткен жылы Қостанай облысында 140 көлік өртке оранған. Оның бесеуі автобус. Ал жыл басынан бері осындай 12 дерек тіркелсе, біреуі қоғамдық көлікте орын алыпты.

«Көлікте орын алатын өрттің негізгі себептерінің бірі - жүйе мен механизмнен шығатын ақаулар. Құзырлылармен бірігіп атқарып жатқан «Қауіпсіз автокөлік» шарасының негізгі мақсаты да осы олқылықтарды уақытында анықтау. Бұл жыл сайын өткізілетін шараны жергілікті полиция қызметімен бірігіп, көліктің барлық түріне өткіземіз», - деді Қостанай облысы ТЖД аға инженері Ерлан БИСЕН.

Рейд барысында қоғамдық көлік тізгіншілерінен 181 заңбұзушылық анықталған. Олардың көпшілігі, жолда ұялы телефонды пайдаланып, интервал мен медициналық тексерістерге немқұрайлы қарайды екен.

Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы Қостанай облысынан