Мемлекеттік емханаларда менингитке қарсы арзандау вакцина пайда болуы мүмкін

05.06.2018 03:30

Инфекциялық менингиттен көз жұмғандар оқиғасына орай Алматының прокуратурасы тексеру амалдарын қолға алды. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда карантин жариялауға мүмкіндік бермейді. Ол үшін дертке шалдыққандар саны аптасына 10 адам болуы қажет - екен. Белгілі болғандай жыл басынан бері аталмыш ауруға душар болған 58 адамның 12 -сі көз жұмған.

Осымен бірнеше жыл бойы өршіп келе жатқан менингококк инфекциясы биыл күшіне мінгендей. Ауруы анықталғандар ажал құшып, жүргізілген ем-домда көмек болмай отыр. Ең сорақысы көрсеткіштер жыл санап өсіп келеді. Атап айтқанда, 2013 жылдан бастап  кең етек жая бастаған менингит 117 адамға жұққан,оның 18 -і дерттен айыға алмапты.  2014 жылғы жағдай да мәз емес. 119 адамның ішінен 15 адам бақилыққа аттаныпты. 2015 жылы ауырғандар саны 424-ке жетіп, 21 адам көз жұмған. Бұл Денсаулық сақтау министрі келтірген мәліметтер.

«2016 жылы 7, өткен жылы 11 өлім тіркелді. Бұл өте қауіпті ауру. Көз жұмғандар саны жоғары. Қазіргі кезде дертке шалдығу мен өлім деңгейі ортақ көрсеткіште тұр»,-деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Елжан Біртановтың пікірінше, инфекциялық құрт ауруы төңірегіндегі дау-дамай асыра сілтеушілік. Әлеуметтік желілер мен кей ақпарат көздері жағдайды ушықтырған, - дейді. Министрдің сөзіне сенсек, қазіргі жағдаймен карантин жариялау мүмкін емес. Сонымен қатар егу жұмыстарын жүргізу де тиімсіз. Себебі,ресми тіркелген жағдайлар шекті көрсеткіш көлеміне жетпеген. Ол дегеніміз, орта есеппен аптасына 10 адам осы дертке шалдығуы тиіс екен.

«Вакцина бастағанымен қажет жоқ. Оның себебі, жалпы вакцина жұмысы әсерін беру үшін 2-3 ай алдын-ала жасау керек. Қазіргі күнде науқас инфекцияны алып, ауруы бастаса ертең көмектеспейді. Бірақ адамның саны көп емес. Сонымен соған байланысты дүние жүзілік денсаулық ұйымының стандарты бойынша біз бүкіл жұмыстарымызды сол сатндарт, елімізегі нормативтік құқықтық акт бойынша жасап отырмыз»,-деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Аталмыш аурумен күресуге Қазақстанға 6 мың 700 вакцина жеткізілген. Бүгіндері 4600-ге жуығы Алматының жеке емханаларында,-деді бас санитар дәрігер. Әзірге дәрі құны 22500 теңгені құрап отыр. Елімізде инфекциялық менингиттің А-В-С сынды 3 түрі тіркелген. Өлімге алып келетін «А» түрі. Егер ертерек қам жасаса, оданда сақтануға болады,-дейді дәрігерлер. Иммунитетті қалыптастыру аралығы 14-21 күнді құрайды.

«Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасымен біріге мемлекеттік емханалардың ақылы қызмет көрсетуіне жағдай жасаймыз. Бұл мемлекеттің бағаны біркелкі ұстауына көмегін тигізеді. Егер көтерме бағасы 17,500 теңгені құраса, онда орта есеппен 19000 теңге көлемінде болуын қадағалаймыз»,-деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек БЕКШИН.

Министр бұдан бөлек Алматы прокуратурасы осы аурудан қайтыс болған 5 жастағы бала мен 19 жастағы қыздың өліміне қатысты тексеру амалдарын бастағанын атап өтті. Айта кетейік, маусымның бірінен 2-сіне қараған түні Талғардан Алматыға жеткізілген 5 жастағы бүлдіршін бірнеше сағаттың ішінде көз жұмған. Одан кейін, жиі қарым-қатынаста болған  19 жастағы бойжеткен келесі күні Қаскелеңде  жан тәсілім еткен.

«Министрліктің алғашқы көмек көрсетуге қатысты өзіндік бұйрығы бар. Ауыр жағдайдағы науқастар жақын маңдағы аурухана жеткізілуі тиіс. Ал балаға қатысты жағдайда Талғар емханасына жеткізуге ұмтылған. Бірақ баланың анасы Алматыға апаруға шешім қабылдапты. Тек сол жерден жедел-жәрдем шақырған. Дертке шалдыққандарға қатысты қалалық прокуратура қазір тексеру амалдарын бастады»,-деді ҚР Денсаулық сақтау министрі ЕЛЖАН БІРТАНОВ.

Айта кетейін, осы уақытқа дейін жыл басынан бері 58 адам осы дертке шалдығып, жалпы саны 12 адам көз жұмған. Алматыда тіркелген жағдай бойынша, ауруханаға түскен 80 науқастың ішінде, 32 адамда менингит расталған. Одан 6 адам қаза болды. Мамырдың 3 күні жаңа жағдай тіркелді. Бұл жолы  Қызылорда тұрғынынан осы аурудың белгісі анықталған. Бірақ, дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмапты. Ал, мамырдың 3-күні таңертең Алматының өрт сөндіру қызметінде жұмыс істейтін 27 жастағы ер азамат денсаулығының күрт нашарлағанына шағымданған. Жеңіл-желпі тұмау деген дигнозбен үйге қайтарылған науқас бүгін қайтыс болды.

Назым Мәлікқызы, Дәурен Зарипов, Алматы телеарнасы Астанадан.


Теги: менингит