Елімізде 3 мыңнан аса науқасқа жаңа орган қажет. Оның ішінде 2 жарым мың адам бүйрекке зәру болса, 530 науқас бауыр трансплантациясын жасатуға кезекте тұр. Ал 7 жыл көлемінде 1400 адамның ағзасы ауыстырылыпты. Бұл Қазақстанда қалай реттеледі? Донорды табу қаншалықты қиын?
30 жасында орда бұзар азамат тағдырдың жазуымен төсекке таңылғалы бір жылдың жүзі болған. Алғашында бауыр церозы деп диагноз қойғанда, ол сенбегенін айтады. Ем іздеп аурухана жағалағанда, дәрігерлер бірде соқыршек, енді бірде ішегің байланған деп, пышақ астына алмақ болыпты.
«Маған диагноз қойды цероз печени деп. Мен оған да сенген жоқпын. Одан кейін МВД-ның госпиталіне бардық. Ол жақта да цероз печени деп диагноз қойды»,-деді АЗАМАТ НУРКАКОВ.
Азамат Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында бауырды тарнсплантациялау бойынша кезекке тұрған. Бірақ әзірге еш нәтижесіз. Донор жоқ. Туыстарынан еш қайыр болмапты. Қазір қалалық паллиативтік көмек көрсету орталығында жатқан ол тезірек отбасыма оралсам деп армандайды.
«Арманым, ең біріншіден, шынын айтқанда бауыр табылып, бауырымды ауыстырсам деймін. Өйткені мен болашақта қызым үшін өмір сүруім керек қазір. Мен өзім әке болғаннан кейін қызым үшін ғана өмір сүремін. Мен өзімнің өмірімді сүріп қойдым. Енді қызым үшін ғана. Есімі - Жаннұр. Бір жасқа жаңа толды. Өйткені оған әке керек. Әкесіз, өзіңіз білесіз, тағдыр қиын,-деді Азамат НУРКАКОВ.
«Науқас ауыр жағдайда біздің орталыққа түсті. Қазіргі жағдайы да мәз емес. Тез арада бауырды ауыстыру қажет. Диагнозы Фиброздың 4-ші дәрежесі. Сызғанов орталығына кезекке тұрған екен. Әзірге тиісті ем-домды көрсетіп жатырмыз»,-деді Алматы қаласы паллиативтік көмек орталығы» МКК терапевт-дәрігері Евгений КОЖАЕВ.
Трансплантология орталығы мамандарының берген мәліметі бойынша, қазір 3 мыңнан аса қазақстандық ағзаларын ауыстыру бойынша кезекте тұр. Олардың дені бүйрекке, 2472 адам, 51 бала зәру болса, бауырға 532 науқас, жүрекке - 114 азамат пен 6 бала мұқтаж. Ал өкпесінен кінәрәт табылған 11 қазақстандық донорды күтіп жатыр.
«Біздің елімізде де өзге мемлекеттер сияқты донор тапшылығы байқалады. Себептері әртүрлі. Сондықтан Қазақстанда тірі ағзаларды ауыстыру жақсы дамыған. Олар туыстары, таныстары мен достарыныкі болуы мүмкін. Елімізде жасалатын оталардың орташа саны 300-ді құрап отыр. Оның 70 пайызы тірі донорлардан, қалған 30 пайызы өлі донордан алынады»,-деді ҚР ДСМ «транспланттау жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы» директорының орынбасары Серік ЖАРЫҚОВ.
Дегенмен қазақстандықтардың көбі түрлі себептермен қайтыс болған туыстарының мүшелерін беруге келісе бермейді. Дәрігерлер мен дін қызметкерлері де келіссөздер жүргізеді. Мысал ретінде айта кетейік, Еуропа елдерінде донор болудан бас тартып, кейін өзіне керек болған жағдайда оны кезекке алмайды екен. Ал Қазақстанда 2012-ші жылдан бері 1300 ота жасалыпты. Ал кезекте тұрғандардың саны одан екі есе көп.
«Менің бар тілегім, бар арманым, балама донор табылып, баламның бауырын ауыстыру. 30 жаста ғой, не көрді ол?! Сол үшін мен сіздерден көмек сұрап жатқаным сол»,-деді Сұлушаш АБДЫХАЕВА.
Азамат Әуезхан, Мұрат Тайжан, Алматы телеарнасы.