|
14.03.2018 | 20:25
1945

Елімізде ІІД мен жергілікті полиция қызметі қайта бірігеді

Елімізде ІІД мен жергілікті полиция қызметі қайта бірігеді

Елімізде Ішкі істер департаменті мен жергілікті полиция қызметі қайта бірігеді. Себебі, 2016 жылдан бастап Ішкі істер департаментінен бөлек құрылған жергілікті полиция қызметі нәтиже бермеген. Осыған орай, бүгін Мәжілісте «Ішкі істер органдары қызметіне қатысты» заң жобасына түзетулер енгізілді. Өзгеріске сәйкес, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдері енді департамент басшысын Ішкі істер министрлігінің ұсынысы бойынша тағайындап, қызметінен босата алады.

«Полиция департаменті бастығын әкімдер тағайындайтын болады. Министрдің ұсынысы бойынша.Ол бастықтар президенттік кадрлық резервте тұрған тек қана басшылардан алынады», - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ.

Одан бөлек,  абақтыдан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азаматтардың арақ ішуіне енді тыйым салынуы мүмкін. Әрі, әкімшілік заң бұзушылық жасаған азамат уақытша ұстау изоляторында бұрынғыдай 3 сағат емес, 24 сағатқа дейін қамауда отыруы ықтимал.

«Отандық БАҚ жиі көтеретін мәселе, әрине отбасындағы жанжал. Демек, үй ішінде ойран салатын ер азаматтарды Ішкі істер департаментіне алып келеді. Ал ол  үш сағаттан кейін босап шығады. Бұл тиімсіз. Өйткені, ол үйіне қайта оралып, баяғы әдетіне көшеді. Кейде, тіпті, қайғылы жағдайлар орын алады. Сондықтан уақыт мерзімін 24 сағатқа дейін ұзартуды сұрап отырмыз», - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ.



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

ІІД
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир