Елімізде қарлы боранның салдарынан бірқатар тас жолдар жабылды

28.12.2017 22:12

Қарлы боран мен көктайғақтың кесірінен елімізде бірқатар республикалық маңызды тас жолдар жабылып, жолаушылар жолда қалды. Бұл туралы «Қазавтожол» мекемесі мәлімдеді. Мәселен, көктайғақ Оңтүстік өңірден сапарға шыққан жүздеген адамды жолда қалдырды. Автобустар жылтыр мұзда жүре алмай, қаңтарылып қалған. Тараз қаласының маңында қалған 200-ге жуық адамға көмекке құтқарушылар келіп, енді оларды діттеген жеріне пойызбен жеткізбек.

Жалпы қазір «Екатеринбург - Алматы» тас жолында қатынас толығымен тоқтаған. Сондай-ақ, Астана, Теміртау, Қарағанды күре жолында да көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Ауа райының нашарлауына байланысты, Өскемен-Зырян, Балқаш-Сарышаған, Сарыөзек-Көктал бағыттары мен Алматы-Бішкек тас жолының кейбір аумақтары жабылды. Маңызды күре жолдардың қашан ашылатыны әзірге белгісіз. Түнде жауған ақ ұлпа бүгін алматылықтарды да әбігерге салды. Қала ішінде жауған қардың қалыңдығы 10 сантиметрді құраса, қаланың жоғарғы жағында 19 сантиметрге дейін жеткен. Сондықтан, шаһардың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Таңертеңнен бастап, көшелер мен тротуарларға арнайы қоспалар шашылып, 600-ден астам техника тазалыққа шықты.

«Сағат 7-ден бастап қар тазалауға  2322 адам, 604 дана арнайы техника жұмылдырылды», - деді  Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының баспасөз хатшысы Айжан КЕНЖЕБЕКОВА.

Коммуналшылар қала аумағында көктайғақтың алдын алу үшін  2 мың тоннадан астам түрлі қоспалар пайдаланған. Синоптиктердің болжамынша, Алматыда қар ертеңге дейін жауады. Ал, ауа температурасы күндіз минус -3, түнде 5 градус 0-ден төмен болады.