Елімізде Кедендік Кодекс қабылданады

24.02.2017 15:26


Биыл елімізде Кедендік Кодекс қабылданады. Жаңа құжат ел кәсіпкерлерінің сыртқа тауар тасымалдауына оң септігін тигізбек. Заң талаптары отандық іскерлердің пікірін, олардың мұң-мұқтаждарын ескере отырып әзірленеді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов  мәлімдеді. Ведомтво басшысы былтырғы жылды түйіндеп, биылдыққа белгіленген жоспарларды жіпке тізді. Сондай-ақ, ол - отандық тауарлардың бағасы неге арзандамай жатқанын да көпшілікке түсіндіріп берді.

Қаржы қыспағы былтыр елімізді буып тастады. Ұлттық экономика министрі алқалы жиынды осы сөзінен бастады. Алайда, даурықтырған дағдарысқа қарамастан ел экономикасы дамуын толастатқан жоқ. Айталық, құрылыс секторы - 2,6 пайызға, көлік және логистика - 3,8 пайызға, ал ауыл шаруашылығы - 5 жарым пайызға өсім көрсеткен. Экономиканың ілгерілеуіне инвестициялық белсенділік те ықпалдасыпты.         

«Негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 5,1 пайызға өсіп, 7,7 трлн теңгені құрады. Бағаны тұрақтандыруға қатысты қабылданған шаралар нәтижесінде жылдық инфляция 8 жарым пайызды көрсетті. Ал, алдыңғы жылы ол 13,6 пайыз шамасында болған. Жұмыссыздық деңгейі де төмендеді. Қазір 5 пайыз төңірегінде»,- деді ҚР Ұлттық экономика министрі, Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Осыдан кейін министр биылдыққа белгіленген жоспарларды жіпке тізді. Маңыздысы - осы жылы Кедендік Кодекс қабылданатын болды. Жаңа құжат Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауар тасымалына оң септігін тигізбек. Заң талаптары отандық кәсіпкерлермен келісіліп жасалады. Есесіне, өз өнімдерін экспорттай алатындар қатары көбейеді.         

«Биыл экономиканы дамыту үшін негізгі 3 бағытқа басымдық беріліп отыр. Алғашқысы - дәстүрлі тірек салалары. Осы жылы мұнай өндірісі 81 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Өнеркәсіпті қайта өңдеу саласы 2,6 пайызға еселенеді. Сондай-ақ, "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы арқылы елдің транзиттік әлеуеті 4 пайызға өседі»,- деді ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары, Марат ҚҰСАЙЫНОВ.

Ұлттық экономика министрі осы жиында отандық тауарлардың бағасы неліктен доллармен қоса арзандамайтынын түсіндірді. Оның айтуынша, елімізде жасалған өнім түрлері тек теңгемен есептеледі. Долларсыздандыру саясатына сәйкес, жылжымайтын мүліктердің құны да төл валютаға шақталады. Ал, бағаны тұрақтандыруға - кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестік қана септесе алады. Оның тетігін  антимонополиялық органдар табуы тиіс.                  

"Инфляция мен валюта бағамы бір-бірімен тығыз байланысты. Алайда, тауар бағасы долларға тікелей тәуелді емес. Біз АҚШ-та емес, Қазақстанда тұрамыз. Сондықтан, елімізде өндірілген өнім түрлері тек теңгемен есептеледі",- деді ҚР Ұлттық экономика министрі, Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ. 

Басқосу соңында еліміздің 2025 жылға дейінгі даму стратегиялық жоспары әзірленетіні мәлім болды. "Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы" атты тың бағдарламаны дайындауға отандық және халықаралық сарапшылар ат салыспақ.

Дастан Сейілханұлы, Бауыржан Қажақанов "Алматы" телеарнасы үшін, арнайы Астанадан