Алматыдағы көмір қоймалары қыс басталмай жатып қаңырап тұр. Өйткені, қара отынның да тапшылығы байқалады. Тіпті биыл оның бағасы аспандап кеткен. Бірақ соған қарамастан қоймаларда ұзын-сонар кезек. Халықтың басым бөлігі сапасына мән бермек түгілі, бар ақшаларына ала алмай отырғандықтарын айтады. Ал еліміздің энергетика министрлігі көмір тапшылығы жоқ деп отыр.
Биыл қыс басталмай жатып, Алматының кейбір елді-мекендері мен облыстың халқына көмір жетпей жатыр. Өйткені, кішігірім көлікпен емес, вагонмен көмір келетін үлкен қоймалар бос тұр. Мұны, отын сататындар, Қарағанды облысынан жеткізілмей жатқандығымен түсіндірді. Ал әкеле салғанды халық бірден талап алып жатқан көрінеді.
Халық биыл көмірдің бағасының бірден 3 мың теңгеге шарықтап кеткеніне қынжылады. Оның үстіне Алматының да қысы баяғыдай жаңбырлы емес. Былтыр қатты аяздың өзінде тоннасы 12000 теңге көлемінде саудаланса, күз бітпей 15000 теңгеден басталған. Оған қоса, бензинмен бірге бағасы көтерілген жеткізу құны да бар. Бірақ ел-жұрт қымбат, сапасы нашар болса да оны сатып алуға дайын. Тек жоқ көмірді күте-күте шаршағандықтарын айтады.
Бұл Алматыдағы Ангарская көшесінің бойындағы қойма. Мұнда да көмір үйіліп жатқандай көрінгенмен көпке жетпейтін түрі бар. Өйткені, таңғы 6-дан бері жүрген тұрғындар әлі отынға қол жеткізе алмай кезекте тұр. Тіпті, түнімен күтуге дайын. Көмірді сатушылар бүгіннің өзінде түске дейін 400 тонна сатып жіберген.
¤«Таңертең 9-да келгенбіз. 70-ші болып жазылғам. Енді бір әлі 55-тей машина бар. Енді мына көмір жете ма, жетпей ма? Білмеймін. Маған жоқ дегенде 5 тонна керек. Енді жеткен ақшам 4 тоннаға. 60 мың және апарып беруі бар. Қазір бензин қымбат. Ол 15,12 мың сұрайды. Мынау таныс болған соң 10 мыңға әкеп берем деп жатыр», - деді ¤ Алматы Облысының Тұрғыны Жүнісхан МҮТӘЛІПОВ.
Көмірді жылдағыдан көп өндірдік деген үкімет "көмір жоқ деп айтуға болмайды», - дейді. Тек темір жол тасымалының бағасы мен Шұбаркөлге деген сұраныс осындай тапшылық тудырды деген пікірде.
¤«Шұбаркөлден аса ірі көмір келмей жатыр. Шұбаркөлдің көмірін Ресей қымбаттау бағамен сатып аламыз деп жатқандықтан соларға сатып жатыр. Сондықтан, Шұбаркөлдің көмірі қымбаттап жатыр. Жалпы біз барып жүрміз қоймаларда көмір бар. Бірақ тапшылық болғанан кейін кезекте тұрып жатқаны рас», - деді ҚР Энергетика министрлігінің атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат ЕСІМХАНОВ.
¤Энергетика министрлігі еліміздегі көмір саудалайтын орындарды қолдан қымбатшылық жасамау үшін табиғи монополия мамандарымен бірге бақылауға алмақ. Сондай-ақ, отынның сапасы да назарда болады.
Жадыра Омаржан, Назым Мәлікқызы, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы