Елімізде көмір тапшылығы болмайды

24.11.2017 в 22:51

Елімізде көмір тапшылығы болмайды. Қыркүйек пен қазан айларында болған жағдай бір қалыпқа келген. Қарағанды облысы әкімі биыл өткен жылға қарағанда  2 млн тоннаға жуық артық қара отын өндірілген, деді. Шұбаркөл көмірінің бағасын шарықтатпас үшін аталмыш аймақ шенділері трейдерлермен өзара келісімге келіп, бағасын бір мың теңгеге төмендетіпті.

«Бүгінгі таңда Шұбаркөл көмірінің бағасы он мың теңге көлемінде. Бұл әрине, Қарағандыдағы баға. Біз тек облысты ғана көмірмен қамтып отырған жоқпыз. Еліміздің өзге де аса қажет өңірлеріне жібереміз. Ол тұста баға деңгейі, жол алыстығына байланысты сәл өзгеріп отырады. Тапшылық орын алмас үшін барлық әріптестермен тығыз байланыс жұмыс жасап жатырмыз. Өткен жылдары тәулігіне 120 вагон жөнелтіп отырсақ, биыл 180-190-ға артырып отырмыз», - деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан ҚОШАНОВ.

Сонымен қатар, Қарағанды облысында көктемде су тасқыны болмайды, деді әкім. 2015 жылы болған оқиға қайталанбас үшін облыс шенділері қауіп төнетін 9 елді-мекенде биіктігі 1 жарым, ені 2 метрді құрайтын арнайы бөгеттер тұрғызыпты. Су деңгейі көтерілетін Нұра, Шерубай-Нұра, Соқыр өзендерінің түбін  тазарту жұмыстары келер жылы қолға алынады екен.