Елімізде мемлекеттік сатып алу жүйесі өзгереді. Конкурсқа қатысушылар үшін қойылатын талаптар жеңілдетілмек. Әрі, тапсырыстар бір орталыққа қордаланады. Бұл туралы Мәжілісте Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев мәлімдеді. Депутаттар назарына ұсынылған жаңа заң жобасында квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік сатып алу жағдайына қатысты мәселелер талқыға түсті. Белгілі болғандай, 2017 жылы жүзеге асуы тиіс тапсырыстың 63 пайызы іске аспай қалған. Ал 2018 жылға арналған конкурстың 80 пайызы мүлде орындалмаған.
«Біз қатысушыларға қойылатын талапты барынша жеңілдетіп отырмыз. Көбіне енді санға емес, сапаға көңіл бөлінеді. Оның ішінде жеткізушінің сапалы өлшемдері, салықтық салмақ коэффиценті, қаржылық мүмкіндігі мен кәсіби деңгейі ескеріледі», - деді ҚР Қаржы вице-министрі Руслан БЕКЕТАЕВ.
Айта кету керек, осыған дейін Руслан Бекетаев квазимемлекеттік алаң қатысушыларына бірегей талаптар қойылады деген еді. Бірақ оның ішіне «Самрұқ-Қазына » кірмейді. Өйткені, компания алдағы уақытта халықтық IPO-ға қатыспақ. Бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесін орталықтандыру жемқорлық әрекеттердің алдын алуға сеп болмақ.