Елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынбақ

13.09.2016 20:50



Халықты 10 соттық жермен қамтамасыз ету үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынбақ. Ақордада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жеке тұрғын үй құрылысына арналған жаңа бағдарлама қолға алынатынын мәлімдеді. Тіптен Президент керек болса, қаланың, ірі елді мекендердің іргесіндегі  телімдерді жекеменшіктеп, өзі де, өзгенің пайдалануына мүмкіндік бермей отырғандардан жерді қайтару қажет,- деді. Кеңейтілген отырыста экономиканы өсіріп, халықтың әлеуметтік тұрмысын төмендетпеу тапсырмасы жүктелді. Ауыл шаруашылығын арттырып, экспортқа тауар шығара алатын инновациялық жобаларды жүзеге асыруға басымдық беру қажеттігін қадап айтты.

Қазақстанда жеке құрылыс үшін 10 соттық жер телімін беру қайта жанданады. Бірақ бұрынғы әдіспен емес, жаңа жобамен. Жаңа қонысқа алдымен коммуникация тартылады. Үй тұрғызған халық су, жарық, жол деп бұрынғыдай бас ауыртпауы тиіс. Елбасы кең даланы бірден үлестіре салмай, атқамінерлерге алдымен инженерлік коммуникацияларды тартқан соң ғана жеке үй салуға жер берілу керек,- деді.  Президенттің айтуынша, бүгінде тұрғын үй құрылысына арналған бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың қолға алынғанына қарамастан xалықтың баспанаға деген мұқтаждығы жоғары.

"Біз аталған проблеманы шешудің жаңа жолын ұсынамыз. Осыған орай, үкіметке тұрғын үй құрылысы бойынша «Нұрлы жер» атты бірыңғай бағдарламаны әзірлеуді тапсырамын. Бұған дейін «Нұрлы жол» болса, енді "Нұрлы жер" болады. Оған қазіргі бағдарламалардың  жалға алу, тұрғын үй жинақтары  сынды тетіктерін  енгізу керек. Жаңа бағдарламада жеке тұрғын-үй салуға басымдық беру керек",- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.       

Қазір ірі қалалардың іргесінде жер жоқ. Болса да ол жекенің қолында. Президент ондай жерлерді  қайтарып алу мүмкіндігін әкімдікке заңнамалық тұрғыдан беруді және осы шараларды ұзаққа созбауды тапсырды. Егер де заң бойынша пайданылмаса, онда жерді құзырлы органдарды қатыстыра отырып, мемлекетке қайтару керектігі немесе кадастрлық құнмен сатып алу бағыты айтылды.

Экспортты еселеу жолы ескеріліп, президент Үкіметке индустрияландыру бағдарламасына 112 млрд теңге бөлуді тапсырды. Қыруар қаржы экономиканы түбегейлі әртараптандырып, экономикалық өсімді арттыруға бағытталады. Елбасы бәсекеге қабілетсіз жүздеген кәсіпорындарды аша бергенше  өнім беретін, экспорттық әлеуеті мықты инновациялық жобаларды іріктеу қажеттігін айтты. Индустрияландыру бағдарламасына тоқталған Президент  жауапты ведомство басшысына қатаң ескерту жасады. Кеңейтілген отырыста агро өнеркәсіп саласына да мол қаржы қарастырылып, 97 миллиард теңге бөлінетіні белгілі болды. Ал тамақ өнімін экспорттауға кедергі келтіріп отырған ветеринарлық жолды жақсартудың уақыты әлдеқашан жеткенін ескертті Елбасы. Экономиканы өсірудің тағы бір ретінде басымдық берілген сала ол жекешелендіру. Бұл жолғы жекешелендіру шарасында 299 ірі нысан сатылып, одан 85 миллиард теңге табыс түскен.

Отырыста қаржы институттарының 2009 жылы жіберген қателіктерін қайталамау ұлттық банктің басшысына жүктелді. Ал ауыл шаруашылығы министрі өзі басқарып отырған  саланың табысы 2,5 пайызға өскенін, қазірде бидайдың 55 пайызы орылғанын жеткізді. Кеңейтілген отырыста Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімдерін де орындарынан тұрғызып, әр аймақтың ерекшелігіне орай істелетін жұмыстарды қадап айтты. Нақыт тапсырмалар берді. Жиын соңында Елбасы Тәуелсіздіктің 25 жылдығын лайықты атап өту қажеттігін еске салды. Өйткені, жиырма бес жылдың жетістігін әр қазақстандық сезінуі тиіс.

Әмірболат Құсайынұлы, Бауыржан Қажаханов, "Алматы" телеарнасы